
Железин ауданының М.Дулатұлы атындағы № 3 жалпы мектебінде жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған «Ұлы елдің батыры» атты мазмұнды ерлік сабағы ұйымдастырылды. Тәрбиелік мәні зор іс-шараны алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы У.Б. Тастанбеков өткізді.
Ерлік сабағының басты мақсаты – оқушыларға Отанға қызмет етудің жауапкершілігін ұғындыру, әскери тәртіп пен төзімділіктің маңызын түсіндіру және елжанды азамат тәрбиелеу болды. Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Дубай қаласында өткен “SWAT CHALLENGE-2026” халықаралық әскери эстафетасының күміс жүлдегері Зейнулин Ислам Ғалымжанұлы шақырылды.
Құрметті қонақ өз тәжірибесімен бөлісіп, әлемдік деңгейдегі жарыстың жоғары талаптары мен қатысушылардың дайындық деңгейі туралы әсерлі әңгімелеп берді. Ол мұндай додаларда табандылық, тәртіп және үздіксіз жаттығудың шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ күнделікті машықтану барысы мен психологиялық дайындықтың маңызын ерекше жеткізді.
Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Қонақтың тағылымды әңгімесі жас буынның бойында елге қызмет етуге деген қызығушылық пен жігерді арттыра түсті.
Іс-шараның екінші бөлімі «Ұлы елдің көшпенділері» атты әскери-спорттық сайысқа ұласты. Бұл кезеңде оқушылар ұлттық ойындар арқылы өздерінің ептілігі мен күш-қайратын сынға салды. Қазақ күресі, аударыспақ, бұқа тартыс, оқтау тартыс және арқан тартыс сынды сайыстар жастардың физикалық дайындығын жетілдіріп қана қоймай, ұлттық болмыс пен құндылықтарға деген құрметін нығайтты.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
І орын – М. Дулатұлы атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектеп,
ІІ орын – Т. Праслав атындағы жалпы орта білім беретін мектеп,
ІІІ орын – Железин №2 жалпы орта білім беретін мектеп.
Қорытындылай келе, «Ұлы елдің батыры» атты тағылымды ерлік сабағы оқушыларға отансүйгіштік сезімді терең ұғындырып, ел қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін айқындай түсті. Мұндай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың бойында елжандылықты, батылдықты және жауапкершілікті қалыптастыруға зор үлес қосады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1199983?lang=kk

Жауап қалдыру