Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әуесқой бокс: Қазақстан құрамасы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 13 медаль (6 алтын, 2 күміс, 5 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте топ жарды. 2-орынды Үндістан боксшылары (5 алтын, 3 күміс, 8 қола) иеленсе, үздік үштікті Өзбекстан командасы түйіндеді (3 алтын, 4 күміс, 4 қола).

Теннис: Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды. Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жерлестеріміз Канада құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті.

Көркем гимнастика: Ақмарал Ерекешева Францияның Тье қаласында өткен Гран-при кезеңінде төрт медаль жеңіп алды. Спортшы жарысты екі күміс және екі қола жүлдемен аяқтады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы топтық жаттығуда (көпсайыс) үшінші нәтиже көрсетті.
Ал Өзбекстанда ұйымдастырылған Әлем кубогында Қазақстан ұлттық құрамасы топтық жаттығуда күміс медаль жеңіп алды.

Спорттық гимнастика: Қазақстан құрамасының спортшылары Мысыр мен Хорватияда өткен Әлем кубогында табысты өнер көрсетті. Мысырдағы бәсекеде Асан Сәлімов пен Зейнолла Ыдырысов күміс медаль жеңіп алса, Нариман Құрбанов қола медаль олжалады.
Ал Хорватиядағы додада Милад Карими мен Зейнолла Ыдырысов күміс жүлде еншілесе, Нариман Құрбанов қола жүлдені қанағат тұтты.

Күрес: Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында отандық палуандар 1 алтын, 6 қола медаль жеңіп алды.

Каратэ: Қытайдың Лэшань қаласында WKF каратэден Премьер-лига санатындағы турнирде ұлттық құрама спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

Самбо: Армения астанасы Ереванда өткен спорттық және жауынгерлік самбодан Әлем кубогының алғашқы күнінде Қазақстан командасының өкілдері 1 алтын, 4 күміс және 8 қола медаль иеленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1199362?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді