
Жыл басынан Қызылорда облысы аумағында дін саласында 14 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Аталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Қызылорда облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің рейдтік іс-шаралары барысында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарға жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған. Діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы басылымдарды тек арнайы рұқсаты бар, заңды түрде тіркелген сауда орындары ғана сата алады. Соған қарамастан мұндай өнімдерді интернет арқылы заңсыз сату фактілері де кездесуде. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 453 және 490-баптарына сәйкес діни әдебиеттерді және діни мақсаттағы өзге де материалдарды заңсыз әкелу немесе тарату үшін: жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), заңды тұлғаларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Мәселен Байқоңыр қаласының 38 және 34 жастағы тұрғындарының үйлеріне жүргізілген тінту барысында 180-ге жуық діни әдебиет анықталып, аталған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар 32 және 36 жастағы облыс тұрғындары «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы діни мазмұндағы аудио және бейнематериалдарды таратқан. Бұл деректер әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында белгілі болған. Аталған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 120 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Қызылорда облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы түсіндіру мақсатында Қызылорда облысының тұрғындарымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына діни әдебиеттерді сату талаптарын түсіндіріп, заңнаманы сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Аталған жұмыстар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1199323?lang=kk

Жауап қалдыру