ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
✅ Түркістан облысында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқын алды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес, штаб отырысын өткізіп, бүгінге қалыптасқан фитосанитариялық ахуалды қадағалады.
✅ Болжам орталығының ұсынған мәліметінде бүгінге дейін 53,3 мың гектар зерттелгені көрсетілген. Нәтижесінде Келес ауданында – 7442 гектарда, Арыс қаласына тиесілі аймақта – 1942 гектарда, Сарыағаш ауданында – 3122 гектарда, Қазығұрт ауданында 80 гектарда шегіртке дернәсілдерінің экономикалық зиянды шектен асқаны анықталды. Шегіртке дернәсілдерінің белсенділігі Сарыағаш ауданында 17 секторда, Арыс қаласында 12 секторда, Келес ауданында 19 секторда тіркелді.
✅ Мобильді топ жетекшілері техникаға жүргізілген түгендеу қорытындысын баяндады: 228 техника – дәрілеуге, 18 көлік су жеткізуге жұмылдырылған. Анықтаушылардың нақты саны мен есеп көрсеткіші де сараланды. Химиялық өңдеу жүргізілген алқаптарда дәрінің тиімділігі тексеріліп, баяндалды.
✅ Нұрбол Тұрашбеков жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, жауаптыларға 21, 22, 31, 32, 33-секторларда анықтаушылардың қатарын көбейтуді тапсырды. Мердігер мекемеге техникаларды толық жеткізуді ескертті.
– Шаруалармен тығыз байланыста болыңыздар. Ошақ анықтаған жағдайда тұрғындар қайда хабарласатынын білуі керек. Бұл жұмыста ынтымақтастық және жедел әрекет маңызды, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
✅ Айта кетейік, қазіргі таңда бұл бағытта жұмысты үйлестіру үшін Келес ауданы мен Арыс қаласында штаб жасақталып, қызмет атқаруда. Тұрғындардан зиянкес ошағын анықтаған жағдайда жедел жергілікті әкімдікке хабарлау сұралады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1199302?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді