
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз бойынша кең көлемде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында бүгін Жетісай ауданында «Жетісай – таза қала» атты ауқымды сенбілік өтті.
Табиғатты қорғау мен туған жердің тазалығын сақтауға бағытталған игі шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаттары, белгілі ақын-сазгер, әнші Асан Пердеш бастаған аудан өнерпаздары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар және экожанашырлар қатысты.
Жалпы саны 4 мыңға жуық адам қатысқан сенбілік барысында аудан аумағында кең көлемді санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, қала, кент және ауылдық округтердің ішкі көшелері тазартылып, саябақтар мен скверлер, демалыс аймақтары мен көпшілік орындар қоқыстан тазартылып, жол бойларындағы шөптер шабылды, ағаштар бұталып, әктелді. Жол жиектері мен орындықтар сырланып, қоршаған ортаның көркіне көрік қосатын жаңа ағаш көшеттері отырғызылды.
Жетісай жұртшылығының ұйымшылдығы мен белсенділігі «Таза Қазақстан» акциясының аудан көлемінде жоғары деңгейде жүзеге асып жатқанын көрсетті. Алдағы уақытта да өңірдің тазалығы мен көркеюіне бағытталған мұндай игі шаралар тұрақты түрде жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1199314?lang=kk

Жауап қалдыру