Жұлдыздарға бір қадам жақын: павлодарлық жас астрономдар ғылым көкжиегін бағындыруда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ғылым және ғарыш апталығы Оқушылар сарайында ерекше шабытпен әрі мазмұнды өтті. Ғылым күні мен Ғарыш күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында тікелей эфирлер өткізіліп, ғарыш әлеміндегі жаңалықтарға шолу жасалды, сондай-ақ техникалық көрме ұйымдастырылды. Ең бастысы – балалардың ғарышқа деген қызығушылығы айқын көрінді.

 

Аптаның ең маңызды сәттерінің бірі – «Астана Дарыны» орталығы ұйымдастырған Республикалық Астротурнир болды. Еліміздің барлық өңірінен келген 70-тен астам қатысушы білім мен зердені сынға салды. Павлодар облысының намысын Оқушылар сарайының «Антарес» астроклубының тәрбиеленушілері – Әлияр Садуев, Даная Шумакова, Ярослав Радченко және Ерболат Шарипхан қорғады.

 

Турнир форматы қатысушыларға ерекше талап қойды: олар тек есеп шығарып қана қоймай, өз шешім жолдарын ауызша дәлелдеп, гипотезаларын қорғап, логикалық ойлау мен креативтілігін көрсетуі қажет болды. Бұл – біліммен қатар батыл ойлай білуді талап ететін дода.

 

Біздің оқушылар бұл сынақтан сүрінбей өтті. Жоғары дайындық деңгейін, табандылық пен командалық бірлікті көрсеткен команда нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды иеленді.

 

Оқушылар сарайының педагогы Гүлнар Баубекова:

«Маған ұстаз ретінде ең маңыздысы – балалардың өздеріне деген сенімділігі болды. Олар байсалды, сенімді өнер көрсетіп, жоғары дайындықтарын дәлелдей алды», – деп атап өтті.

 

Бүгінде Қазақстанда астрономиялық бағыттағы іс-шаралар әлі де дамуды қажет етеді. Дегенмен, осындай бастамалар жас ұрпақты ғылымға баулып, ғарышқа деген қызығушылықты арттыруда маңызды рөл атқарады.

 

Бұл апта балалар үшін жаңа білім мен жаңалықтарға толы кезең болса, біз үшін – елімізде ғылым мен ғарышқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанының айқын дәлелі. Жас зерттеушілердің әлі талай белесті бағындыратынына сенім мол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1199973?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді