
Атырау облысында республикалық маңызы бар тасжолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Патрульдік полиция ротасы заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, дрондардың көмегімен жол бойын әуеден бақылап, қараусыз жүрген төрт түлік малды дер кезінде анықтауда. Бұл тәсіл жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қауіпті жағдайларды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, полицейлер көлік құралдарын тексеру барысында мал тасымалдауға қатысты құжаттардың заңдылығына ерекше назар аударуда. Құжаттары жоқ немесе күмән тудырған жағдайлар анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Айта кетейік, жыл басынан бері тас жолдарда төрт түлік малдың қатысуымен 15 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жол сақшыларының айтуынша, облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу бойынша 160-тан астам құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Мәселен, Атырау–Доссор тасжолында иесіз жүрген ірі қара мал анықталды. Полицейлер жедел түрде мал иелерін анықтап, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кету керек, малды қараусыз қалдыру немесе оны заңсыз тасымалдау тек жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына да кері әсерін тигізеді.
Құқық қорғау органдары өңір тұрғындарын ортақ қауіпсіздікке бейжай қарамауға, малды бақылауда ұстауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1200824?lang=kk

Жауап қалдыру