
2026 жылғы 13 сәуірде Атырау қаласында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен өңірлік көшпелі жиын өтті. Оған құқық облыс әкімдігі, қорғау органдарының басшылары, білім беру саласы мен азаматтық қоғам өкілдері қатысып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті нығайту шараларын талқылады.
Атырау облысының әкімі жиынды ашып, балалар құқығын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тек салалық ведомство емес, бүтін қоғам үшін басым бағыт екенін атап өтті. Аймақ басшысы өзекті мәселелерді шешуде көшпелі форматтағы жиындардың маңызы зор екенін айтып, оқу-ағарту министріне ризашылығын білдірді.
Оқу-ағарту министрі мемлекет деңгейіндегі жүйелі шаралар жайында баяндады. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 4 бағытқа негізделген: балалардың қауіпсіздігі, білім беру, денсаулық, отбасы және әлеуметтік қорғау. Тұжырымдама 5 жылға жоспарланған және қаржыландыру көлемі 1,3 трлн теңге болатын 158 нақты іс-шараны қамтиды.
Қиын жағдайға тап болған балаларды ертерек анықтау және оларға қолдау көрсету бағытында «111» бірыңғай байланыс орталығы шешуші рөл атқарады. Оның функциялары заңды тұрғыда бекітілген. Елдегі мектептер мен колледждердің барлығында «111» желісінің QR-кодтары ілінген, бұл балаларға психолог маманмен тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік береді.
2025 жылы «111» желісіне 125 000 қоңырау түскен, оның 3 000-ы Атырау облысынан.
2026 жылдың І тоқсанында өңірлік психологиялық қолдау орталығынан 11 000+ кеңес алынған.
«Педагог-психологқа көмек» оқулығында 23 диагностикалық әдістеме бар.
Облыстың 95 мектебіне жүргізілген мониторинг (2026 жылғы 16-19 ақпан) қорытындысы бойынша төрт бағытта кемшіліктер анықталған. Жекелей алғанда, мектептердің кейбірінде бейнебақылау жазбасын сақтау мерзіміне қатысты талаптар бұзылған, буллингке қарсы құрылымдар болмаған, «Адал азамат» бағдарламасы тиісті деңгейде іске асырылмаған. Психологиялық қолдау орталығында 15,5 штат бірлігі бос тұр, кадр тұрақсыздығына тоқтау қойылмаған.
«Атырау облысында білім алып жатқан 275 мың баланың әрқайсысы қауіпсіз және қолдаушы ортаға лайық. Бұл – декларация емес, бұл – әр педагог, әр психолог және әр жетекші атқаратын нақты жұмыс.»
Министр құқық қорғау органдарымен бірге тұрақты ведомствоаралық жұмыс тобын құруды, облыстағы барлық 25 бейінді мекемеде «Заң мен тәртіп» жобасын кең ауқымда іске асыруды және әр мектепте ата-аналардан құралған тәртіп комитетін жасақтауды ұсынды.
Өңірде соңғы үш жылда 32 білім беру нысаны пайдалануға берілді.Бүгінде тағы 22 нысан салынып жатыр. Саланы қаржыландыру көлемі 2023 жылдан 2026 жылға дейін 55,4%-ға өсіп, 255,6 млрд теңгеге жетті.
2025 жылы облыста кәмелетке толмағандар арасында 127 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген (2024 жылы – 67 дерек ). 2026 жылғы алғашқы үш айда көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 41%-ға төмендеп, 31-ден 18-ге азайған.
284 000 – Атырау облысында тұратын кәмелетке толмаған адам саны
87% – қосымша біліммен қамту деңгейі («бір бала — бір үйірме» қағидаты)
Мәселені жүйелі шешу мақсатында облыстық психологиялық қолдау орталығы ашылды (60 штат бірлігі бар). HR+ автоматтандырылған платформасы іске қосылып, тәуекел тобында тұрған әр балаға жеке жоспар жасалды. Орталықтың кадр құрамын тұрақтандыру үшін жалақы мөлшері 30 пайызға көтеріліп, 7 қызметтік пәтер берілді.
Құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін мектептерде бейнебақылау негізіндегі ЖИ жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба қолға алынды. 11 мектеп пен 9 колледжге кәмелетке толмағандар ісі бойынша қосымша инспекторлар мен прокурорлар бекітілді.
Ювеналды полиция басқармасының басшысы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған шараларға тоқталды. Ол өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды ерте анықтауға, білім беру мекемелерімен және ата-аналар қауымдастығымен өзара бірлесе әрекет етуге, есепте тұрған кәмелетке толмағандармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізу мәселесіне айрықша назар аударды.
Ювеналды полиция облыстағы білім беру орындарындағы бақылауды күшейтті: кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мектеп аумағында сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін кезекшілік етеді. Ата-аналар патрульдерімен бірге жүргізілген рейдтер нәтижесінде профилактикалық есепке алынған 100-ге жуық оқушы анықталды.
Облыс прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша қадағалау қызметінің нәтижелері жөнінде айтты. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында 25 білім беру ұйымына құқық қорғау органдары қызметкерлері мен ардагерлері арасынан тәлімгерлер бекітілді.
Прокуратура білім беру саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңнаманың орындалысын тексерді. Соның нәтижесіндегі ұсынымдар бойынша өңірдегі бірқатар мектепте бейнежазбаларды талапқа сай сақтамау, буллингке қарсы құрылымдардың болмауы және қауіпсіздік талаптарының орындалмауына қатысты олқылықтар жойылды.
Білім беру саласының ардагері және облыстық «Аналар кеңесі» төрайымы ата-аналар мен педагогикалық қауымдастықтың ұстанымын жеткізді. Ол отбасының бала тәрбиесіндегі шешуші рөлін айрықша атап өтіп, «Әкелер патрулі», «Ұрпағыңмен мың жаса» сынды жобалар мен «Аналар кеңесі» қызметі бір реттік акция емес, тұрақты қолданыстағы тәжірибеге айналуы керегін айтты.
Мектеп өміріне әкелерді тартуға, кешкі уақытта және демалыс күндері профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, сондай-ақ психологтар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен ата-аналар жиналысын тұрақты өткізіп тұруға ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов жиынды қорытындылап, ведомстволарға жиында айтылған барлық бағыт бойынша жоспарлы және келісілген салааралық жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды. Әкімдік қабылданған шешімдерді іске асыруда қажетті ресурспен қамтамасыз етіп, ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екендігі айтылды.
Жиында білім беру саласын қаржыландыру айтарлықтай өскеніне қарамастан, жүйелі мәселелердің әлі де бар екені айтылды.
Негізгі кемшіліктердің бірі — мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар, соның салдарынан жұмысқа дайындығы жоқ мердігерлер тартылады. Бұған қоса, мектептерде қолданылатын қауіпсіздік жүйесінің тиімсіздігі де бар.
Осы орайда мердігер ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту, жаңартылған күзет моделін енгізу жөнінде тапсырмалар берілді.
Жауапкершілік балансын қалпына келтіруге де айрықша назар аударылды: кәмелетке толмағандардың әрекетіне ата-аналардың құқықтық жауапкершілігі күшейтіле отырып, мұғалімнің мәртебесі мен рөлі сақталуы тиіс.
Қабылданған шешімдерді іске асыру білім беру сапасын, қауіпсіздік пен тәрбие жұмысын жетілдіруге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1200524?lang=kk

Жауап қалдыру