
Елордада еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгінде Астана қаласында 267 906 кәсіпорын жұмыс істейді, онда шамамен 738 мың адам еңбек етеді. Осыған байланысты жалақының уақтылы төленуін және әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы тиімді мемлекеттік бақылаудың маңызы артып отыр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті» РММ басшысы Ерлан Исмағұлов мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары осы бағытта тұрақты бақылайды.
«Департамент жалақы берешегі бар кәсіпорындарды банкрот деп тану бойынша Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлескен жұмыс жүргізуде.
Банкроттық немесе оңалту сатысындағы кәсіпорындарға ерекше назар аударылып отыр.Берешекті өтеу шаралары «Реабилитация және банкроттық туралы» Заң аясында конкурстық басқарушылар арқылы жүзеге асырылуда. Бұл процесті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті бақылауда ұстайды», – дейді Ерлан Исмағұлов.
Белгілі болғандай, 2026 жылдың өткен кезеңінде 88,1 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтеліп, 158 жұмыскердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды.
Салыстырмалы түрде: 2025 жылы 215,3 млн теңгеден астам (1007 жұмыскер), 2024 жылы 165 млн теңгеден астам (1350 қызметкер) жалақы берешегі өтелген.
2026 жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 636 азаматтың өтінішін қарап, 91 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде 46 нұсқама беріліп, 43 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 2025 жылы еңбек инспекторлары 10 867 өтініш қаралып, 567 тексеру жүргізген, 327 нұсқама беріліп, 39,3 млн теңге айыппұл салынған. 2024 жылы 322 тексеру жүргізіліп, 6 мыңнан астам өтініш қаралған.
«Еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі – кәсіпорындардың цифрлық картасы. Департамент кәсіпорындардың цифрлық картасы негізінде еңбек жанжалдарын болдырмау және жұмыскерлердің әлеуметтік, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау мақсатында тәуекелді кәсіпорындар санын азайту бойынша шаралар қабылдауда. Негізгі бұзушылықтар міндетті зейнетақы жарналарының, әлеуметтік төлемдердің және МӘМС аударымдарының уақтылы төленбеуімен байланысты.
Жанжалдардың алдын алу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп, жоғары тәуекел дәрежесіне кіретін жұмыс берушілермен кездесулер өткізіп тұрады», – дейді спикер.
Қала әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссия жұмыс істейді. 2025 жылы комиссияның 6 отырысы өткізілсе, 2026 жылы 1 отырыс өткен, жыл соңына дейін тағы 6 отырыс жоспарланған.
2026 жылға арналған жоспар аясында еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға және құқық бұзушылық тәуекелдерін азайтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында ұжымдық шарттарды цифрландыру, «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесіне электрондық еңбек шарттарын енгізу, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтуды кеңейту бар. Сонымен қатар кәсіпорындарда кәсіби тәуекелдер бағаланып, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілуде.
«Өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен және кәсіподақтармен бірлесіп, еңбек ұжымдарымен көшпелі кездесулер өткізеді. 2025 жылы 73-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, 4 400-ден астам қызметкер қамтылды.Сонымен қатар «iKomek 109» қызметінің WhatsApp-чаты жұмыс істейді, ол жазатайым оқиғалар туралы хабарламаларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 265 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелгенін ескере отырып, еңбек заңнамасының сақталуы мәселесі мемлекет тарапынан ерекше бақылауда қалып отыр», – деп департамент басшысы сөзін түйіндеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1200579?lang=kk

Жауап қалдыру