Көлік министрі еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев министрліктің басшылық құрамымен еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша 2026 жылғы 13 сәуірде өткен кеңесте Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов берген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша жедел ведомстволық кеңес өткізді.

Кеңес барысында көлік саласының тиімділігін арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдету, процестерді цифрландыру, сондай-ақ Президент пен Үкімет тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттер қаралды. Орындау мерзімдерін сақтау мен жұмыстың сапасына, сондай-ақ нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін басшылардың жеке жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылды.

Министр транзит көлемін 55 млн тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жедел әрі үйлестірілген шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Қойылған міндеттерге сәйкес негізгі транзиттік дәліздерді дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Теміржол жобаларын іске асыруға, автомобиль өткізу бекеттерін жаңғыртуды жеделдетуге, теңіз инфрақұрылымын дамытуға және халықаралық тасымалдарда цифрлық шешімдерді ілгерілетуге ерекше басымдық берілді.

Кеңес қорытындысы бойынша министр бекітілген іс-қимыл жоспарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді, негізгі бағыттар бойынша күнделікті бақылау орнатуды және мерзімдердің бұзылуына жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Мемлекет басшысы мен Үкімет алдындағы жауапкершілік айрықша жоғары. Негізгі міндет — әрбір жобаның сапалы, уақтылы әрі нәтижелі іске асырылуын қамтамасыз ету. Барлық бағыттар бойынша ресурстарды барынша жұмылдыру және қатаң атқарушылық тәртіп қажет», — деп атап өтті министр.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1200119?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді