
Мадрид, 2026 жылғы 13 сәуір – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің БҰҰ, халықаралық ұйымдар және адам құқықтары мәселелері жөніндегі Бас директоры Люсия Гарсиямен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, көпжақты алаңдардағы үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударды.
Д. Мұсаев БҰҰ жүйесінде ілгерілетіп жатқан Қазақстанның басым бастамалары туралы хабардар етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше тоқталды. Аталған ұсыныстың су дипломатиясын нығайтуға, су ресурстарын орнықты басқаруды дамытуға және осы бағыттағы жаһандық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталғаны атап өтілді.
Елші сондай-ақ Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық барысы жөнінде мәлімет беріп, оның су қауіпсіздігі мен орнықты даму мәселелері бойынша келісілген ұстанымдарды қалыптастыруға арналған маңызды алаң болатынын жеткізді.
Испан тарабы көпжақты дипломатия шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп, су саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігерді қолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар диалогты жалғастыруға және жаһандық су ресурстарын басқарудың тиімді әрі заманауи архитектурасын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп пысықтауға өзара мүдделілік білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1200502?lang=kk

Жауап қалдыру