Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 маусымға дейін жалғасады. Биыл талапкерлер үшін қосымша білім беру бағдарламалары енгізіліп, гранттар саны артқан.

Қабылдау ережелері мен жаңашылдықтар туралы Қарағанды облысы бойынша Академия филиалының директоры Серікжан Байбосынов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады.

Спикердің айтуынша, жаңа оқу жылында білім беру бағдарламаларының саны 12-ден 15-ке дейін көбейген. Жаңа бағыттар қатарында «Құқық» (ML), «Іскерлік әкімшілендіру» (EMBA) және «Цифрлық мемлекеттік басқару» (DDPA) бар.

— Магистратура мен докторантура бағдарламаларына құжаттар admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға шамамен 200 адам, докторантураға 12 адам қабылданады. Сонымен қатар үміткерлердің функционалдық еңбек өтілін анықтайтын комиссия құрылады, — деді Серікжан Байбосынов.

«Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар», «Экономика» бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 1,5 жылдан 2 жылға дейін ұзартылған. Бұл олардың ғылыми-педагогикалық бағытқа ауысуына байланысты.

Сонымен қатар «MRD – Өңірлік даму» және «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 1,5 жылға дейін ұлғайтылды.

«Мемлекеттік саясат» магистратурасына түсушілер үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын сертификат міндетті талап ретінде енгізілді.

Электронды форматта жүктелуі тиіс құжаттар тізімі:

1. Мемлекеттік органның жолдамасы.

2. Жеке куәліктің көшірмесі.

3. Жоғары білім туралы диплом мен қосымшасының скан-нұсқасы.

4. QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты (деңгейі В1-ден төмен емес).

5. Докторантура және «Халықаралық қатынастар», «Мемлекеттік саясат» бағдарламалары үшін — халықаралық ағылшын тілі сертификаты.

6. Мемлекеттік қызметшілер үшін — қызметтік тізім; қалғандары үшін — еңбек қызметін растайтын құжаттар.

7. Қажет болған жағдайда — лауазымдық нұсқаулық пен бөлімше туралы ереже.

8. Докторантура үшін — research proposal.

9. ЭЦҚ арқылы қол қойылған электронды өтініш.

Конкурстық іріктеу 5–19 маусым аралығында өтеді, оған аналитикалық эссе мен сұхбат кіреді. Алдын ала қабылдау 25 маусымда, қорытынды қабылдау 10 шілдеде жарияланады. Оқу 1 қыркүйекте басталады.

Қабылдау ережелері туралы толық ақпарат Академияның apa.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланған.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1200426?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді