Ұлттық мектеп лигасы: Астанада республикалық турнир өтіп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласында №104 мектебінде жалпы білім беретін мектептердің 2-11 сынып оқушылары арасында Ұлттық мектеп лигасы аясындағы республикалық олимпиадалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл ауқымды іс-шара жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыруға, ұлттық ойындарға деген қызығушылығын оятуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Жарыс барысында ұлттық және зияткерлік ойындардың бірнеше түрі қамтылды. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ халқымыздың терең ой мен даналыққа негізделген ұлттық мұрасы ретінде оқушылардың стратегиялық ойлауын дамытса, шахмат логика мен шыдамдылықтың мектебі ретінде қатысушылардың зияткерлік деңгейін шыңдады. Ал дойбы ойыны жылдам шешім қабылдау мен зеректікті талап ететін ерекше сайыс ретінде тартысты өтті.

«Бүгін жалпы республика көлемінде өтіп жатқан ауқымды іс-шараны қолдау мақсатында біздің білім ордамызда да Ұлттық мектеп лигасы аясындағы жарыстар ұйымдастырылып отыр. Бұл – тек жарыс қана емес, бұл – оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін үлкен алаң. Біз оқушыларымыздың арасында ұлттық лиганы белсенді түрде насихаттап келеміз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы түрлі зияткерлік, спорттық және тәрбиелік мәні бар іс-шараларды жалғастыру жоспарда бар. Өйткені ұлттық спорт түрлерінің дамуы – өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың елжандылық қасиеттерін қалыптастырады», – деді мектеп директоры Нұртас Құрманғалиұлы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1200593?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді