
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы мүшелерімен кездесті.
Сәуір айының 19-ы мен 25-і аралығында Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласында «Vatanparvarlar» халықаралық әскери-спорттық жарысы өтеді. «Абай қырандары» клубының мүшелері аталған сайыста Қазақстан атынан өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Аймақ басшысы кездесуде жас сарбаздарға алдағы халықаралық жарыста сәттілік тіледі.
«Бүгін біз өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің намысын халықаралық деңгейде қорғауға аттанғалы жатқан айбынды жастарымызды – өздеріңізді шығарып салу үшін арнайы жиналып отырмыз. Бұл додада Қазақстанның намысын дәл біздің облыстың ұландары қорғайтыны біз үшін ерекше мақтаныш. Елдің атынан халықаралық аренаға шығу – бұл тек спорттық бәсеке емес, бұл – үлкен жауапкершілік. Сіздерге қарап бүкіл елдің рухын, қазақ әскерінің болашақ айбынын таниды. Біз сіздердің дайындықтарыңызға, жігерлеріңізге, жеңіске жететіндеріңізге кәміл сенеміз! Бұл жарыс тек күш сынасу ғана емес, сонымен қатар көршілес, бауырлас Өзбекстан елімен арадағы достық көпірін нығайтудың маңызды қадамы. Жастар – халықтық дипломатияның елшілері. Осы сапарда өзге елдің құрбы-құрдастарымен достық қарым-қатынас орнатып, еліміздің қонақжайлылығы мен мәдениетін жоғары деңгейде көрсетеді деп сенемін. Жас ұландар, сіздерге сәт сапар тілеймін! Жеңіспен, аман-есен оралыңыздар. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Абай елінің абыройы асқақтай берсін», – деді Берік Уәли.
Команда құрамында «Жас Ұлан» курсанттарымен бірге Семей қаласының мектептері мен колледждерінен, Жарма, Аягөз және Бородулиха аудандарынан іріктелген ең үздік 14 жас өрен бар.
Айта кетейік, өткен жылы Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өткен болатын. Шараға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 800-ге жуық жас қатысып, 50-ден астам команда түрлі әскери, интеллектуалдық және шығармашылық сайыстарда бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Семей қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-интернатының «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы республикалық әскери мектептер арасында төртінші жыл қатарынан Гран-приді иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздік атанды. Команда «Айбын дарыны», «Smart Sarbaz» және автоматты бөлшектеу сайыстарында бірінші орын алып, бірқатар спорттық және шығармашылық бағыттарда жүлделі орындарға ие болды.
Жалпы, облыста «Қазақстан армиясының бір күні», «Айбын», «Алау», «Абай мергені» сайыстары, «Jas Sarbaz Chess Cup» шахмат турнирі, «Қалқан» қысқы спартакиадасы, патриоттық әндер фестивалі сияқты патриоттық шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1201746?lang=kk

Жауап қалдыру