
Шымкент қаласында цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған Білім басқармасына қарасты «Болашақ» жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект – білім берудің жаңа дәуірі» атты студенттердің XXII ғылыми конференциясы жоғары деңгейде өтті.
Ауқымды жиынды «Болашақ» жоғары колледжінің басшысы, академик, экономика ғылымдарының докторы, профессор Саттар Қуашбай ашып, қазіргі білім беру жүйесіндегі цифрлық технологиялардың рөліне тоқталды. Конференцияға арнайы қонақ ретінде «Өрлеу» БАҰО Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы Медетбекова Меруерт Асқарбекқызы қатысып, жастардың ғылыми ізденістеріне жоғары баға берді.
Колледж директорының орынбасары Райымбек Тобыловтың айтуынша, бұл конференцияға қаладағы 30-ға жуық колледжден 600-ден астам студент қатысқан. Қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде болғаны көрініп тұр. Баяндамаларда түрлі салаларда цифрлық технологияларды қолдану, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне енгізу мәселелері кеңінен қамтылды. Аталған оқу орнында бағдарламашыларды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Конференция аясында ерекше назар аудартқан жұмыстардың бірі – «Болашақ» жоғары колледжінің студенті Диана Қасымның «Фариза өлеңдерінің қыз балаларына берер тәрбиелік мәні» тақырыбындағы баяндамасы болды.
Ол өз жұмысында қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова шығармашылығын заманауи технологиямен ұштастыра отырып, тың жоба ұсынды. Студент қыз Фариза ақынның өлеңдері, күнделіктері мен жазбалары негізінде арнайы чат-бот әзірлеген. Бұл бот арқылы жас қыздар ақынмен сырласқандай әсер алып, өмірлік кеңестер ала алады. Сонымен қатар, қолданушылар чат арқылы ақынның өлеңдерін оқып, рухани тәрбие ала алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1201557?lang=kk

Жауап қалдыру