
2026 жылғы 15 сәуір, Куала-Лумпур.
Қазақстан Республикасының
Малайзиядағы Елшісі Булат Сүгірбаев Малайзия өндірушілер
федерациясының президенті Джейкоб Ли Чор Кокпен кездесіп, екі ел
арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың өсуі мен оны одан әрі
ілгерілетуге бағытталған нақты қадамдарды талқылады.
Кездесу барысында малайзиялық өндірушілердің Қазақстанға өндірісті
орналастыру және Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ пен
Еуропа нарықтарына шығу үшін перспективалы алаң ретінде
қызығушылығының артып келе жатқаны оң бағаланды.
Тараптар Қазақстанның Малайзия мен АСЕАН үшін ірі өңірлік хаб
ретіндегі рөлін кеңейту перспективаларын, соның ішінде инвестициялық
жобаларды қолдаудың қолданыстағы құралдарын және көлік-логистика
саласындағы өзара іс-қимылды дамыту бастамаларын талқылады.
Б. Сүгірбаев теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастық
перспективаларына ерекше назар аударып, екі елдің ұлттық компаниялары
тұрақты өзара іс-қимылға дайын деңгейге жеткенін атап өтті. Сондай-ақ
«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы базасында
Малайзияның Сауда үйін құру жобасы қаралды. Аталған бағыттар
Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерін, соның ішінде Транскаспий
халықаралық көлік дәлізін пайдалана отырып, Малайзия мен АСЕАН үшін
жаңа сауда бағыттарын қалыптастыруға және екі экономиканы тиімді
байланыстыруға ықпал етпек.
Дж. Ли Қазақстанмен экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтудің
өзектілігін атап өтті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін
қайта өңдеу, өнеркәсіптік өндіріс және энергетика салаларындағы
кооперацияның перспективалы бағыттарына ерекше назар аударылды.
Малайзия өндірушілер федерациясы елдегі ірі өнеркәсіптік
бірлестіктердің бірі болып табылады, оның құрамына саланың 3 мыңнан
астам кәсіпорны кіреді және ол Малайзия экономикасында маңызды рөл
атқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1201256?lang=kk

Жауап қалдыру