
Саран қаласында коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту жалғасуда. Биылғы жылдың басым бағыты — сумен жабдықтау мен су бұру саласы, мұнда бірден бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр.

Инфрақұрылымды жаңарту барысы туралы қала әкімі Дарын Бұлқайыр Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады.

Қазіргі уақытта су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Үшінші кезек аясында жоспарланған 92 шақырымның 72 шақырымы төселді.

Құдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, өткен жылы 119 ысырма ауыстырылып, жаңадан орнатылды.
Сонымен қатар екінші су көтергіш нысан да жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, жалпы сыйымдылығы 10 мың текше метр болатын екі ауызсу резервуарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл су қорын тұрақтандыруға және жүктеме артқан кезеңдерде жүйенің орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде.

— Өткен жылы ұзындығы 35,5 шақырым болатын кәріз желілерін қайта жаңғырту, көшелік өздігінен ағатын коллекторлар мен құдықтарды қалпына келтіру жобасы басталды. Бүгінде «Горняк» шағынауданында 4 шақырым құбыр тартылып, 130 құдық орнатылды, — деді Дарын Бұлқайыр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта РТИ жаңа шағынаудандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған үш жоба әзірленуде. Олар — магистральдық су құбыры, кәріз және жылу желілері.
Өзекті мәселелердің бірі — газдандыру. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталуға жақын. Жобаны жүзеге асыруды Ақтас кентінен бастау жоспарланып отыр. Қаржыландыру бөлінген жағдайда, құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылы басталмақ.

Жол инфрақұрылымын жаңарту да жалғасуда. Биыл ұзындығы 12,5 шақырым болатын 14 көшеге жөндеу жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар QazTehna зауыты мен шағын өнеркәсіптік аймаққа апаратын кірме жолдар да жөнделеді. Сондай-ақ Рабочая көшесін және Саран қаласы мен РТИ ауданы арасындағы жол өткелін қайта жаңғыртуға арналған құжаттама дайындалуда.
Қосымша ретінде Дубовка кентінде және өзге де учаскелерде ағымдағы және шұңқырлы жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Көше жарығы саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. Соңғы бір жылда қалада 471 жарық бағаны орнатылды. Сонымен қатар электр желілері инфрақұрылымы жаңартылып жатыр: электр беру желілері мен кабельдер ауыстырылып, қосалқы станциялардың фидерлері жөнделуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1200956?lang=kk

Жауап қалдыру