Төлеби ауданындағы мамандандырылған мектеп-интернатының «TOLEBI DARYN» командасы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік деңгейдегі «FIRST Championship» жарысына жолдама жеңіп алған болатын. Ел намысын қорғайтын жастармен бүгін аудан әкімі арнайы кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы Еркеғали Әлімқұлов жас өрендердің робототехника саласындағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, олардың еңбегі мен ізденісіне шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, халықаралық додаға қатысу – үлкен жетістік әрі аудан үшін зор мақтаныш екенін атап өтіп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Басқосуда аудан әкімі оқушылардың еліміздің абыройын асқақтатарына сенім білдіріп, дарынды жастарға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың «Алғыс хатын» табыстады. Сонымен қатар білімді шәкірт тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаздар мен ата-аналарға да алғысын білдірді.
Айта кетейік, «TOLEBI DARYN» командасы соңғы жылдары робототехника және инженерлік инновациялар бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, команда «CENTRAL ASIA FIRST Championship 2026» жарысында екі бірдей ірі марапатқа ие болды. Осы жетістіктердің нәтижесінде «TOLEBI DARYN» командасы абсолютті чемпион атанып, 2026 жылғы 29 сәуір-2 мамыр аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін «FIRST Championship» әлемдік жарысына Қазақстан атынан қатысуға жолдама алды.
Жауап қалдыру