Қазақстан Республикасы су секторын реформалау бағытында стратегиялық жұмыстар жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалып, еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Осыған орай, Түркістан облысында аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Бүгінде облыстың аудан және қала әкімдіктері деңгейінде ауызсу инфрақұрылымын дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту және халықтың ауызсуға қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Аталған міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекеті арасындағы өзара ынтымақтастық нығайтылуда. Осы ретте Израильдің ұлттық су компаниясы «Mekorot» басшылығы мен мамандары Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауызсу жүйелерінің жай-күйін зерттеу және зерделеу жұмыстарын бастады.
Сапар барысында аудан аумағындағы ауызсу саласына жауапты «Таза су» мекемесінің басшылығымен кездесу өткізіліп, қолданыстағы жүйелердің техникалық жай-күйі, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғырту, су шығынын азайту және басқару тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды.
Айта кетсек, бұл бастамалар инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйелі шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға және ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстар өңірде заманауи, тұрақты және тиімді ауызсу жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына оң ықпал етеді.
Жауап қалдыру