
Павлодар облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің ең ірі оқиғаларының бірі – «WorldSkillsPavlodar–2026» өңірлік чемпионаты өз бастауын алды. Биылғы байқау дәстүрлі түрде жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, еңбек нарығына қажетті білікті кадрларды даярлауға және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған.
Бүгін техникалық сервис колледжінің базасында «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша жарыс басталды. Бұл бағытта облыстың 13 колледжінен келген студенттер екі күн бойы төрт модуль бойынша сынға түсуде. Қатысушылар «ВАЗ-2106» қозғалтқышын жөндеу, «ВАЗ-2109» беріліс қорабын қалпына келтіру, «Lada Granta» автокөлігінің электр жүйелерін тексеру және «ВАЗ-2107» тежегіш механизмдерін диагностикалау тапсырмаларын орындайды.
Павлодар технологиялық колледжінде «Наубай ісі» құзыреттілігі бойынша да жарыс қызу өтуде. 7 қатысушы дәстүрлі багет, тәтті салмасы бар киш, круассан дайындау және күрделі декоративтік нан өнімдерін жасау бойынша өз шеберліктерін көрсетуде.
Сонымен қатар, Жоғары түсті металлургия колледжінде ұйымдастырылған «Слесарлық іс» құзыреттілігі бойынша сайыстың екінші күні өтіп жатыр. 12 қатысушы үш модуль аясында тапсырмаларды орындап, дәлдік пен кәсіби біліктіліктің жоғары деңгейін көрсетуде.
Чемпионат аясында Қазтұтынуодағының Павлодар жоғары экономикалық колледжінде де жарыстар басталды. Мұнда байқау екі өзекті құзыреттілік бойынша ұйымдастырылған: «Компьютерлік ойындардағы 3D модельдеу» және «Бухгалтерлік есеп».
«Компьютерлік ойындардағы 3D модельдеу» бағыты ерекше қызығушылық тудыруда. Қатысушылар Moonton компаниясының кіші техникалық суретшісі рөлінде Magic Rush: Heroes, Watcher of Realms, Silver and Blood ойын франшизалары бойынша жұмыс істеуде. Үш күн ішінде олар кейіпкерлер мен скиндердің концептін әзірлеп, 3D модельдеу, анимация, текстуралау және дайын өнімді Unreal Engine платформасына енгізу тапсырмаларын орындайды.
Ал «Бухгалтерлік есеп» құзыреттілігі бойынша қатысушылар 1С:Бухгалтерия 8.3 бағдарламасында практикалық тапсырмаларды орындайды. Олар анықтамалықтарды толтыру, бастапқы құжаттарды енгізу, шаруашылық операцияларды жүргізу, есептік кезеңді жабу және қаржылық есептілікті қалыптастыру дағдыларын көрсетуде.
Жалпы, «WorldSkillsPavlodar–2026» өңірлік чемпионаты – жастардың кәсіби әлеуетін ашуға, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл чемпионат білім мен өндірістің байланысын нығайтып, өңірдегі кәсіптік білім беру сапасының артуына серпін беруде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1201507?lang=kk

Жауап қалдыру