Жұмыс беруші есебінен төленетін қосымша өмірлік зейнетақы миллиондаған қазақстандыққа қолжетімді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда зейнетақы жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) қызметкерлердің болашақтағы әлеуметтік қорғалуын күшейтетін маңызды тетікке айналды. Оның басты ерекшелігі – болашақ зейнетақы жинақтары қызметкердің ағымдағы жалақысын азайтпай, толықтай жұмыс беруші тарапынан бағытталуында, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұл норма әрбір жұмыс істейтін қазақстандық, әсіресе жас буынның сенімді «қаржылық қорының» болуы үшін енгізілген. Енді азаматтардың болашақ зейнетақысы үш көзден: мемлекеттік базалық төлем, БЖЗҚ-дағы жекежинақтар және жұмыс берушіден келетін қосымша «шартты-жинақтаушы» бөліктен құралады.

Мұндай тәсіл жұмыскерлерге қосымша зейнетақы төлемдерін өмір бойы алу мүмкіндігін береді. Бұл әсіресе, 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған азаматтар үшін маңызды, себебі олардың зейнетақы капиталы аударымдардың тұрақтылығына және жүйеге қатысуына тікелей байланысты.

2026 жылы мұндай жарналардың мөлшерлемесі жұмыскер табысының 3,5%-н құрайды. Жүйе кезең-кезеңімен енгізілуде: 2028 жылға қарай ол 5% мақсатты көрсеткішке жетеді.

Аталған тетік тиімділігі биылғы жылдың өзінде байқалып отыр. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс берушілер 5,8 млн қызметкерді қосымша зейнетақы құқығымен қамтамасыз етті. Жыл басынан бері азаматтардың шоттарына 951 млрд теңге аударылды.

Сонымен қатар мемлекет бизнес мүддесін де ескерді. Салық кодексіне сәйкес, жұмыс берушілердің ЖМЗЖ төлеуге жұмсаған шығындары корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Бұл жұмыс берушілерді ашық әлеуметтік саясат жүргізуге және өз қызметкерлерінің болашағына жауапкершілікпен қарауға ынталандырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1201239?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді