
Қаламызда ұстаздар арасында қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қалалық байқау өтті. Танымдық әрі тәжірибелік маңызы зор бұл шараны Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Байқаудың басты мақсаты – оқытушылардың өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыру, инновациялық идеяларын қолдау, цифрлық технологиялар қолданылған іс-тәжірибелерді жинақтау, олардың беделін көтеру. ⠀
⠀
Аталған байқауға мектеп, жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен оқыту орталықтарында орыс тілді аудиторияға қазақ тілінен сабақ беретін 22-50 жас аралығындағы мұғалімдер қатысты. Олар үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде қатысушылар “Менің жетістіктерім” тақырыбында портфолио қорғады. Екінші кезеңде “Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану” тақырыбында сабақ үлгісін таныстырды. Бұл кезеңнің басты талабы – Canva, Miro, Quizlet, Padlet, Kahoot, Flipped learning, жасанды интеллект құралдары сияқты цифрлық платформаларды қолдану болды. Соңғы кезеңде оқытушылар тіл үйретудегі тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылардың креативтілігі мен әдістемелік шеберлігі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.⠀
⠀
Іс-шараның басты ерекшелігі – Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған тіл үйрету қағидаттарын заманауи білім беру жүйесімен ұштастыру болды. Бұл өз кезегінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға және педагогтердің кәсіби дамуына серпін береді.⠀
⠀
Байқау қорытындысы бойынша, үздік қатысушылар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай байқаулардың тіл мамандарының тәжірибе алмасуына, жаңа идеялардың қалыптасуына зор ықпал ететінін атап өтті.⠀

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1202361?lang=kk

Жауап қалдыру