АУДАН БАСШЫСЫ ТАСТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағыттарын кеңінен талқылады.
Жиын барысында округ әкімі Манас Тлеулинов атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Өз кезегінде аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы биыл жүзеге асатын жобалар мен алдағы жоспарларды жан-жақты тарқатып, ауданның даму қарқынына ерекше мән берілетінін атап өтті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Ауыл тұрғындары округте атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ел бірлігі мен берекесіне тілектестік танытты.
Биыл Тасты ауылдық округінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, А. Бейсенбаев және А. Иманов көшелері орташа жөндеуден өтсе, Атауы жоқ №4, Жібек жолы, Бейсенбаев-2 және Атауы жоқ №5 көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кету керек, өткен жылы округте ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылды. Ауыл әкімдігінің жаңа ғимараты салынып, балалар ойын және воркаут алаңдары мен ауыл кіреберісіне бейнебақылау камералары орнатылды.
А. Бейсенбаев көшесінде жабық футбол алаңы бой көтерді.
Сонымен бірге «Созақ–Тасты–Қылти» автожолының құрылысы толық аяқталып, Сейфуллин, Наурыз, Бауыржан және Амангелді көшелеріне асфальт төселді. Бірқатар көшелерге қиыршық тас төселіп, ауыл ішіндегі жол сапасы айтарлықтай жақсарды.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында көше жарықтандыру жүйесі толық жаңартылып, округ 100 пайыз жарықшаммен қамтылды. Воркаут және балалар ойын алаңдары орнатылып, «Мен өз елімді жақсы көремін» монументі мен LED экран қойылды. Мәдениет үйі жанынан жаңа сквер салынып, ауыл кіреберісіндегі арка абаттандырылды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Көтерілген түйткілдерге жедел назар аударып, ол бойынша округ әкіміне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1202607?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді