2026 жылғы 16 сәуір күні Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылындағы Б.Оңтаев атындағы жалпы орта мектебінде аудан тұрғындарымен жоспарлы кездесу өткіздім. Аталған жиын барысында Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы, сондай-ақ «AMANAT» партиясынан сайланған депутат ретінде сайлауалды кезеңде халыққа берген уәделерімнің орындалу барысы туралы жан-жақты есеп берілді.
Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәкей Бостандық Бөпешбайұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бекбосын Бақытжан Балтабайұлы, сондай-ақ Қараспан ауыл округінің әкімі Асхат Өскенбайұлы қатысып, тұрғындармен бірге маңызды мәселелерді талқылауға атсалысты.
Есеп беру барысында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар, инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету, жол жөндеу, ауыз су жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған өзге де бастамалар кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар мен нақты міндеттер де таныстырылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әрбір көтерілген мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетіні атап өтілді. Халық тарапынан көрсетілген сенім мен қолдау – алдағы жұмысымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жүйелі дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту болып қала береді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ел игілігі жолындағы атқарылған және алда атқарылатын жұмыстар әрдайым басты назарда болады. Халықпен тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені бірлесе шешу – біздің ортақ міндетіміз.
Жауап қалдыру