
Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз орта – сенімді бала» тақырыбында Алматы және Сарайшық аудандарына қарасты мектепке дейінгі ұйымдардың ата-аналар жиналысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ата-аналардың балалардың өмірі мен денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігін арттыру, қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіру және күнделікті өмірде кездесетін қауіптердің алдын алу бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыру.
Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина кіріспе сөзінде балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы бағыттағы негізгі мәселелер мен оларды шешу жолдары қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі – басты міндеттердің бірі екеніне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – цифрлық қауіпсіздік тақырыбы да кеңінен талқыланды.
Аталған іс-шара ата-аналар мен мамандар арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, балалар үшін қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Осындай кездесулер алдағы уақытта басқа аудандарда жалғасын табатын болады. Іс-шараға 100-ден аса мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен 200-ден астам ата-ана қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1202057?lang=kk

Жауап қалдыру