
01.04.2026 ж. бастап Қазақстан Республикасы 09.02.2026 ж. ратификациялаған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы 29.10.2024 ж. келісімі (бұдан әрі – Келісім) күшіне енді.
Келісім мемлекеттердің бірінің аумағында тұрақты тұратын және басқа мемлекеттің аумағында еңбек (сақтандыру) өтілі бар Қазақстан Республикасы мен Моңғолия азаматтарына қолданылады.
Уәкілетті органдар
Келісімді іске асыру бойынша уәкілетті органдар:
- Қазақстан Республикасында – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
- Моңғолияда – Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі.
Құзыретті органдар
Келісімнің 1-бабының 1-тармағына сай құзыретті орган – Келісімді іске асыратын Тараптардың мекемесі және (немесе) ұйымы.
Қазақстан Республикасында Келісімді іске асыру бойынша құзыретті органдар:
- «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы және оның филиалдары:
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар Моңғолия азаматтарынан не олардың өкілдерінен өтініштер мен құжаттарды қабылдау жөнінде жұмысты ұйымдастыру бойынша;
мәліметтер мен құжаттарды дайындау, өңдеу жөнінде, жинақтаушы зейнетақыны тағайындау (тағайындаудан бас тарту туралы) туралы шешімдер қабылдау жөнінде жұмысты ұйымдастыру бойынша;
жинақтаушы зейнетақы төлеу жөнінде жұмысты ұйымдастыру бойынша;
- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық бөлімшелері, соның ішінде:
Моңғолияда жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде Қазақстан Республикасының аумағында жинақталған жұмыс өтілін растау кезінде Моңғолияның құзыретті органының сұраныстарына жауап беру бойынша;
Қазақстан Республикасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде Моңғолия аумағында жинақталған жұмыс өтілін растау бойынша.
Зейнетақы түрлері
Келісім қолданылатын зейнетақы түрлері Келісімнің 2-бабында айқындалды, соған сай:
- Қазақстан Республикасында:
жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне;
міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – жинақтаушы зейнетақылар) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнеткерлік жасқа толуына байланысты зейнетақы төлемдеріне;
- Моңғолияда – жерасты жұмыстарында, ыстық температуралық жағдайлардағы жұмыстарда және еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға мерзімінен бұрын зейнетақыларды қоспағанда, сақтандыру зейнетақы қорынан төленетін, жасына байланысты зейнетақыларға қолданылады.
Зейнетақы тағайындау және төлеу
Қазақстан Республикасы мен Моңғолия азаматтарына зейнетақы тұрғылықты мемлекеттің заңнамасы бойынша тағайындалады және төленеді.
Қазақстан Республикасында жасына байланысты зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.
БЖЗҚ Қазақстан Республикасындағы жинақтаушы зейнетақыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда төлейді.
Өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қажетті құжаттарды қоса бере отырып, Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы тағайындау туралы өтінішті Қазақстан Республикасының немесе Моңғолияның құзыретті органына береді.
Моңғолияның құзыретті органына өтініш берілген жағдайда Моңғолияның құзыретті органы куәландырған өтініштің түпнұсқасы және қоса берілген құжаттардың көшірмелері өтініш қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының құзыретті органына жіберіледі.
Зейнетақы аудару
Алушы Қазақстан Республикасынан Моңғолияға тұрақты тұру жеріне кеткен жағдайда жинақтаушы зейнетақы аударылады.
Жинақтаушы зейнетақы операция жасалған күнге Қазақстан Республикасы валютасының ресми бағамы бойынша айырбасталатын Моңғолияның ұлттық валютасындағы алушының шотына аударылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1202179?lang=kk

Жауап қалдыру