
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын кеңінен талқылады. Кездесуге ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысып, өзекті мәселелер мен ұсыныстар ортаға салынды.
Аудан басшысы округте жүзеге асқан және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, аудан көлемінде іске асырылып жатқан ірі жобалар туралы баяндады.
Жиында округ әкімі Данияр Досымбеков 2025 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, әлеуметтік-экономикалық өсім, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Биыл Шу ауылдық округінде бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталып, А. Иманов, С.Муханов, Айтеке Би-Сәтбаев арасы, Абай, Наурыз, Б.Серікбаев және Г. Мүсірепов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, округтің ішкі жолдары 100 пайыз асфальтпен қамтылатын болады.
Өткен жылы да ауылда ауқымды жұмыстар атқарылды. Жабық шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп, ауылдық клуб, спорт және балалар ойын алаңдары жөндеуден өтті. Орталық саябақ абаттандырылып, ауыл кіреберісіне арка орнатылды. Сонымен қатар, кіреберіс жол жарықтандырылып, LED экран қойылды. Бірнеше көшеге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ауыл көшелері толықтай түнгі жарықшаммен қамтылды.
Кездесу барысында тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшысына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, өз ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін жеткізді.
Жиын соңында бірқатар азаматтар жеке мәселелері бойынша қабылдауда болып, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы сұрақтарын қойды. Аудан әкімі көтерілген мәселелерді бақылауға алып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1202612?lang=kk

Жауап қалдыру