
Атырау облысы мен Астрахан облысының жетекші баспа басылымдары – «Прикаспийская коммуна» және «Газета Волга» – бірлескен ақпараттық жобаны жүзеге асыруға кірісті.
Жобаның негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жүзеге асырылу барысын кеңінен жариялау, сондай-ақ түрлі бағыттар бойынша өзара іс-қимылды нығайту.
Аталған бастама Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулдығының, Астрахан облысының Сыртқы байланыстар министрлігінің және Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Басылымдардың алғашқы бірлескен санында екі шекаралас өңір арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдердің іс жүзінде жүзеге асырылуын көрсететін материалдар жарияланды. Атап айтқанда, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және жастар саясаты салаларындағы жобалар қамтылған.
Жекелеген беттер көршілес өңірлердің туристік әлеуетіне арналған. Атырау журналистері Астрахан оқырмандарына өз өңірінің туристік мүмкіндіктері туралы материалдар дайындады. Жарияланымдарда «Сарайшық» көне қалашығы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, Индер тұзды көлі, «Иманқара» үңгірі және басқа да көрікті орындар таныстырылған.
Өз кезегінде, атыраулық оқырмандар Астрахан облысының тарихи-мәдени нысандарымен таныса алады. Олардың қатарында Астрахан Кремлі, өлкетану мұражайы, Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдениет орталығы, сондай-ақ өңірдің табиғи көрікті жерлері бар.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы екі елдің шекаралас өңірлері арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды ақпараттық алаңға айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-astrakhan/press/news/details/1203577?lang=kk

Жауап қалдыру