Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында өңірдің негізгі туристік бағыттарының бірі – Баянауыл ауданына барды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңір басшысының жұмыс сапары Баянауыл ауылында салынып жатқан визит-орталықтан басталды. Жалпы ауданы 740 шаршы метр болатын заманауи нысан сервис, мәдениет және технологияларды біріктіреді. Мұнда трансформер-кітапхана, коворкинг және конференц-залдар, музей аймағы, ана мен балаға арналған бөлмелер, сондай-ақ жайлы кофехана мен демалыс террасасы орналасатын болады.

Қазіргі таңда нысан ғимараты толық тұрғызылып, ішкі әрлеу және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Туристік маусым басталғанға дейін, яғни 10 маусымға қарай пайдалануға беру жоспарлануда.

– Бір айдан сәл ғана астам уақыт қалды, барлық жұмыстарды сапалы орындау маңызды. Себебі ашылғаннан кейін бірден мұнда іс-шаралар өткізу жоспарланған, – деп атап өтті өңір басшысы.

Визит-орталықтың тұжырымдамасы тек ақпарат беруде ғана емес, әсер қалдыруға бағытталған: 30 туристік нысанды қамтитын интерактивті карта, 3D-инсталляциялар, мультимедиялық экспозициялар және LED-контент өңірмен толыққанды цифрлық танысуға мүмкіндік береді.

Асайын Байханов саланы дамытудағы негізгі тәсілді атап өтті – базалық инфрақұрылымнан туристік тәжірибе қалыптастыруға көшу.

– Жаңа форматтағы туризм – тек сервис қана емес, эмоция да маңызды. Біз Баянауылды көрсетіп қана қоймай, осында қайта келетіндей «насихаттауымыз» керек. Біздің міндет – адам тек демалып қана қоймай, шабыт алып қайтуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Одан кейін облыс әкімі Сабындыкөл көлінің жағалауын тексерді. Мұнда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді: ұзындығы шамамен 1 км болатын серуен аймағы, тамақтану аймағы, 70 жатын орындықтары, 80 шатыр, 14 әткеншек, душ кабиналары мен бейнебақылау жүйесімен жабдықталды.

– Адамдар мұнда келіп, өздеріне қамқорлық жасалғанын және оларды күткенін сезінуі тиіс. Ол үшін автотұрақтан бастап барлық жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар қауіпсіздік пен тазалық міндетті түрде қамтамасыз етілуі керек, – деді өңір басшысы.

Бүгінде Баянауыл тек табиғаттың інжу-маржаны ғана емес, қарқынды дамып келе жатқан туристік аймақ. Мұнда бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Факел» демалыс кешенінде «Казхром» компаниясы 5 модульдік демалыс үйінің құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 165 млн теңге. Бүгінгі таңда 3 екіқабатты үй салынып, төртінші үйдің құрылысы жалғасуда және аумағы абаттандырылуда.

Сабындыкөл жағалауында құны 500 млн теңге болатын тағы бір маңызды жоба іске асырылуда. «Сабындыкөл Плаза» кешенінде 160 орынға арналған жазғы корпустың құрылысы аяқталуға жақын, алдағы жоспар – ашық бассейн салу.

Тағы бір ірі жоба – Жасыбай көлінің жағасындағы «Qaiyndy» қонақ үй кешені. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Мұнда қонақүй, бассейн және SPA-аймақ, мейрамхана салынған, сондай-ақ ашық бассейннің құрылысы жалғасуда. Оны туристік маусым басталғанда іске қосу жоспарланып отыр.

Өңір басшысы туристер саны артқан сайын қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптар да күшейетінін атап өтті.

Туризм – бұл тек әсем табиғат емес. Бұл – тазалық, қауіпсіздік және сапалы қызмет көрсету. Егер бұл болмаған жағдайда, ең әдемі көріністердің өзі көмектеспейді, – деп облыс әкімі өз ұстанымын білдірді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов туристік нысандарды маусымға уақытылы дайындауды, жағажайларды, соның ішінде Жасыбай мен Торайғыр аймақтарын абаттандыруды жылдамдатуды, сондай-ақ барлық демалыс орындарында тиісті санитарлық жағдайды қамтамасыз етуді тапсырды.

Өңір басшысы туризмді одан әрі дамыту тек көрсеткіштердің өсуімен ғана емес, адамдар қайта келгісі келетін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастырумен байланысты болуы тиіс екенін атап өтті.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1202927?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді