
2026 жылғы 14–17 сәуір аралығында Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында «Теміржолда өзіңді сақта» профилактикалық акциясы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – теміржол көлігі нысандарында жазатайым оқиғалардың, оның ішінде адамдарды пойыздың басып кету фактілерінің алдын алу, сондай-ақ балаларға теміржолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру.
Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабы бойынша 575 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, адамдар мен малдың теміржол бойында болуына байланысты пойыз машинистері 8 рет шұғыл тежеу қолданған.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2026 жылды «Балаларды қорғауды қамтамасыз ету жылы» деп жариялауына байланысты акция аясында ерекше назар кәмелетке толмағандарға аударылуда.
Осы ретте Ақтөбе қаласындағы №42 орта мектептің 100-ге жуық бастауыш сынып оқушылары үшін Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің аумағында орналасқан теміржолдың оқу-жаттығу макетінде профилактикалық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Кездесу барысында теміржол нысандарындағы қауіпсіздік ережелері мен сақтық шаралары түсіндірілді.
Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтөбе көлік прокуратурасымен бірлесіп оқу орындарында «Суық қаруды заңсыз алып жүру және ол үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Теміржол – жоғары қауіпті аймақ екенін еске саламыз. Азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1203311?lang=kk

Жауап қалдыру