«Әкелер одағы» балаларымен бірге «Таза Қазақстан» бастамасына атсалысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астананың Сарайшық ауданындағы Кенен Әзірбаев көшесінде орналасқан гүлзарда 100-ден астам адам бас қосып, «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қолдарына күрек пен тырма алған тұрғындар, балаларымен келген отбасылар, студенттер, мұғалімдер, спортшылар және мемлекеттік қызметкерлер аумақты тазалап, ағаш отырғызуға кірісті.

Бірнеше сағат ішінде олар жүзден астам ағаш отырғызып, діңдерін әктеп, қыс мезгілінен кейінгі көше жиһаздарын ретке келтірді. Гүлзар маңында ашық аспан астында палау мен бауырсақ дайындалды.

Қатысушылардың ерекше назарын Теміртес атты робот-ит аударды. Ол адамдар арасында жүріп, командаларға жауап беріп, «қол беріп» балалардың көңілін көтерді. Балалар онымен ойнау үшін кезекке тұрды.

Көпшілік ағаш отырғызуды жай ғана міндет ретінде емес, ерекше мәні бар іс деп қабылдады. Кейбірі тілек тілеп, ниет етті.

«Отбасымыздың берекесі артып, ұлдарым дені сау, бақытты болып өссін деп тіледім. Бұл ағаш сол тілегімнің белгісі болсын», – дейді Айгүл есімді астаналық тұрғын.

Ал аудан тұрғыны Қанат акция туралы өз ойын былайша жеткізді:
«Астана – біздің ортақ үйіміз. Оны таза ұстап, құрметтеп, күтуіміз керек. Бүгін ауа райы да тамаша, күн ашық, адамдардың көңіл-күйі көтеріңкі. Бұл істің көпшілік үшін маңызды екені көрініп тұр», – деді ол.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1203740?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді