
Астанада алғаш рет Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, елорда көрермендеріне «Mamma Mia!» музыкалық спектаклін ұсынды. Қойылым 17 сәуір күні Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры сахнасында өтті.
Бұл оқиға елорда үшін маңызды мәдени жаңалықтардың біріне айналды: небәрі екі жыл бұрын құрылған жас оперетта ұжымы алғаш рет Астана сахнасына толыққанды ауқымды қойылыммен шықты. Сонымен қатар, бұл – өңірлік сахнада дайындалған осындай деңгейдегі алғашқы оперетта, бұл театр ұжымының шығармашылық өсімі мен үлкен мақсаттарын айқындайды.
Қысқа уақыт ішінде труппа өзін қарқынды дамып келе жатқан, көрермен назарын аудара білген ұжым ретінде таныта алды. Қойылымның басты ерекшелігі – оның ауқымдылығы мен жанрлық синтезінде: бір сахнада жетекші солистер, хор, балет және симфониялық оркестр бірігіп, көрерменге әсерлі музыкалық-театрлық шоу ұсынды.
Спектакльдің негізін әлемге танымал ABBA тобының әйгілі хиттері құрады. Жанды музыка, әсерлі орындау және сахналық динамика көрермендерге ностальгияға, махаббатқа және жарқын эмоцияларға толы ерекше көңіл күй сыйлады.
Шығыс Қазақстан өнерпаздарының шығармашылығы көрермен тарапынан жоғары бағаланды.
«Мен тәнті болдым! Өзім үшін өндірістік әрі туристік Шығыс Қазақстанды мүлде басқа қырынан таныдым – бұл өз әртістерінің өнерін, нағыз кәсіби шеберлігін паш еткен мәдени өңір екен. Сондықтан келесі гастрольдерді асыға күтемін», – деп Меруерт есімді елорда тұрғыны әсерімен бөлісті.
Қойылым балаларды да бейжай қалдырмады. Мәселен, 7 жастағы Айсанаға сахнадағы музыка, би мен костюмдер, спектакль кейіпкерлері ерекше ұнаған. Ол әсіресе анасы мен Софи бейнелерін ерекше есте сақтап қалған.
«Жас ұжымымыз үшін бұл – жаңа деңгейге нық қадам басудың көрінісі. Қысқа уақыт ішінде театр кәсіби тұрғыда шыңдалып, өңірді ұлттық сахнада лайықты таныта алатын қуатты командаға айналды», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Бұл гастрольдер театрдың шығармашылық дамуындағы маңызды кезеңге айналып, елорда жұртшылығына Қазақстанның театр картасында пайда болған жаңа әрі жарқын ұжыммен танысуға мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1203734?lang=kk

Жауап қалдыру