
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпеис Ақбаев Шаян ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Жергілікті атқарушы биліктің негізгі мақсаты – тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету.
Кездесу барысында соңғы кезеңде жүзеге асырылған бірқатар маңызды жұмыстар атап өтілді. Атап айтқанда, елді мекен көшелеріне жарықтандыру жүйелері орнатылып, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар тұрғын үйлердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары қолға алынып, балалар ойын алаңшалары салынып, пайдалануға берілді. Ауыл аумағын абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өндірістік нысандарды қалпына келтіру, қауіпсіздік шараларын күшейту, білім беру мекемелері маңында тиісті инфрақұрылымдарды дамыту бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Алдағы кезеңде де округ аумағында жол инфрақұрылымын жақсарту, жаңа ойын алаңшаларын салу, көше жарығын орнату, жол қауіпсіздігін арттыру, ветеринариялық нысандар салу және тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті сала басшыларынан нақты жауаптар алды. Барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынып, заң аясында шешімін табатын болады.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-baidibek-audany/press/news/details/1203684?lang=kk

Жауап қалдыру