
Марракеш қаласында (Марокко) өткен ICAO Global Implementation Support Symposium 2026 аясында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мен ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның кездесуі өтті. Кездесуге сондай-ақ ИКАО EUR/NAT бюросының Өңірлік директоры Николас Ралло мен ҚР-ның ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов қатысты.
Тараптар азаматтық авиацияны дамытудың өзекті мәселелерін, атап айтқанда ұшу қауіпсіздігін арттыруды, адами капиталды дамытуды, инфрақұрылымды жаңғыртуды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.
ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның ИКАО халықаралық бастамаларын іске асыруға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан азаматтық авиацияда жүйелі жұмысты, күшті көшбасшылықты және жаһандық бастамаларға белсенді қатысуды ұштастыра отырып, сенімді ілгерілеу көрсетіп отыр. Сіздер тиімді дамудың үлгісін көрсетіп, сәтті тәжірибеңізді кеңінен бөлісіп жатырсыздар. Бұл өте құнды», – деп атап өтті Хуан Карлос Саласар.
Өз кезегінде С. Томпиева ИКАО-мен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін баса айтты.
«Аумағы жағынан әлемдегі ірі мемлекеттердің бірі және теңізге тікелей шыға алмайтын дамушы ел ретінде біз азаматтық авиацияны көліктік байланыстың басты құралы ретінде ерекше бағалаймыз. Біздің басым мақсаттарымыз – ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ИКАО стандарттарына толық сәйкестік, 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамытудың бас жоспарын (CAMP) тиімді іске асыру және Қазақстан Республикасын ИКАО Кеңесіне мүшелікке кандидат ретінде ұсыну», – деп қорытындылады Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
Тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың және Ұйымның жаһандық бастамаларына қатысудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің соңында Салтанат Томпиева Хуан Карлос Саласарды Қазақстанға келуге және авиациялық қауіпсіздік саласындағы маңызды халықаралық іс-шаралардың біріне – биылғы жылдың 20–22 қазанында Қазақстанда өткізілуі жоспарланған ИКАО Авиациялық қауіпсіздік аптасының (ICAO Security Week 2026) қатысуға шақырды.
Кездесу тараптардың қауіпсіз, тұрақты және тиімді халықаралық азаматтық авиацияны қамтамасыз ету мақсатында конструктивті диалогты дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1203790?lang=kk

Жауап қалдыру