
Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2026 жылы коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру күшейтілуде.
Қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды: заңнамаға және оған тәуелді нормативтік актілерге өзгерістер енгізіліп, жобаларды тиімді іске асыруға және инвестициялар тартуға жағдай жасалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарында 6 пилоттық жоба іске асырылып, электр және жылумен жабдықтаудың сенімділігі артты, желілердің тозуы төмендеп, бірқатар өңірлерде электр энергиясын өндіру көлемі ұлғайды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижелері жаңғырту жұмыстарының қызмет сапасын арттыруға және апаттылықты төмендетуге тікелей әсер ететінін көрсетеді. 2026 жылы бұл жұмыс жалғасады және тағы 8 табиғи монополия субъектісі инфрақұрылымның жай-күйі бойынша жоғары тәуекел аймағынан шығуы күтілуде. Бұл коммуналдық жүйелердің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы инвестициялық құрамдас бөлік күшейтілді. Бүгінгі таңда ұлттық жобаның электрондық платформасында республика бойынша 206 жоба қалыптастырылып, олар сатып алу рәсімдерін өткізуге дайын. Сонымен қатар жылумен жабдықтау және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар жобаларға жалпы сомасы 23 млрд теңгеге шарттар жасалды («Лисаковскгоркоммунэнерго» ӨШБ» МКК, «Теплотранзит Караганда» ЖШС, «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС).
Қаржы институттары арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын іске асыру жалғасуда. Атап айтқанда, Қазақстанның Даму Банкі арқылы «Карағанды Жарық» ЖШС-нің электр желілік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған 16,7 млрд теңге сомасындағы жобасы мақұлданды. Сонымен қатар «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ тетіктері арқылы Қарағанды, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында іске асырылатын жалпы сомасы 22,2 млрд теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылды. Бұл шаралар инфрақұрылымның тозуын төмендетуге, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Саланы цифрландыру да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Электрондық сатып алу платформасы дамытылуда, сондай-ақ процестердің ашықтығын арттыруға, басқару тиімділігін күшейтуге және коммуналдық қызметтерді алу ыңғайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған «Smart Turmys» жүйесі енгізілуде.
Бұл ретте мемлекеттік тарифтік саясат әлеуметтік бағыттылығын сақтайды. Халықты қолдау мақсатында тұрғын үй көмегі тетігі жұмыс істейді, ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар отбасының жиынтық табысына қатысты белгіленген деңгейден асқан жағдайда оларды өтеуге мүмкіндік береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған көмекті 10 мыңнан астам отбасы алды.
Осылайша, 2026 жылы Ұлттық жобаны іске асыру белсенді кезеңге өтіп, инфрақұрылымның тозуын төмендетуді, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруды және халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуды қамтамасыз етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/krem/press/news/details/1203729?lang=kk

Жауап қалдыру