
Бейнеу аудандық полиция бөлімінің ҚҚБ, ЮПТ, КТІЖ және УПИ қызметкерлеріне азаматша өз алғысын білдірді.
Аталған азаматшаның кәмелетке толмаған қызы жоғалып кеткен. Анасы уақыт оздырмай «102» арнасына хабарласып, көмек сұраған. Хабарлама келіп түскен бойда полиция қызметкерлері жедел түрде іздестіру жұмыстарын бастап, барлық қажетті шараларды қабылдады. Іздеу барысында жақын маңдағы аумақтар тексеріліп, куәлардан жауап алынып, бейнебақылау камералары қаралды.
Жүргізілген кәсіби әрі үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде жоғалған жасөспірім қысқа уақыт ішінде аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды. Қандай да бір құқықбұзушылық деректері анықталған жоқ.
Қыздың анасы полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен жауапкершілігіне ерекше ризашылығын білдіріп, олардың қызметіне табыс пен отбасыларына амандық-саулық тіледі.
Осыған байланысты полиция қызметі ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды, олардың қайда және кіммен жүргенін үнемі бақылауда ұстауды, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1203708?lang=kk

Жауап қалдыру