Астанада “Артық жүк” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Астанада жол-көлік инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында “Артық жүк” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

     Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жүк көліктерінің шамадан тыс жүктелу деректерін анықтауға, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмауға және жол жамылғысына келетін залалдың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде. Рейдтер қала көшелерінде, ірі магистральдарда, өнеркәсіптік аймақтарда және құрылыс нысандары маңында ұйымдастырылуда.

     Сонымен қатар тек жүк көліктері ғана емес, жеңіл автокөліктер мен баламалы көлік құралдары да бақылауға алынған. Әсіресе, соңғы уақытта кеңінен таралған электр самокаттарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау деректеріне ерекше назар аударылуда.

     Жүргізілген тексерулер нәтижесінде барлығы 5 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 126 құқық бұзушылық электр самокаттарын пайдалану барысында тіркелген. Негізінен, бұл тротуарларда жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіру және жол қозғалысы ережелерін елемеу фактілері.

     Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін 308 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Олардың қатарында құжатсыз басқару, техникалық талаптарға сай келмеу және көлікті мас күйде жүргізу деректері бар.

     Полиция қызметкерлері жүргізушілермен және қала тұрғындарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы мәдениетін арттыруға ерекше мән беруде. Жүк көліктерінің жүргізушілеріне көлікті белгіленген нормадан артық жүктемеудің маңыздылығы, ал электр самокат пайдаланушыларына қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі түсіндірілуде.

     Мұндай іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға бағытталған. Қазіргі уақытта “Артық жүк” жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.

     Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1204144?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді