
18 сәуір күні Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев жұмыс сапарымен Жетібай ауылына барып, бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты.
Іссапар аясында аудан басшысы алдымен «Ш.Ыбырайымұлы» шағын ауданында салынып жатқан қоғамдық кеңістіктің құрылыс жұмыстарын бақылады. Қазіргі таңда мұнда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба-тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, сондай-ақ ауылдың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, жауапты мердігерлер мен сала мамандарына жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, аудан әкімі Жетібай ауылы маңында орналасқан «Еділ» су тазарту станциясының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аталған нысан Жетібай және Мұнайшы ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы жоғары инфрақұрылым саналады. Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 694 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу кезеңінде. Жоспар бойынша нысан ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Жаңғырту жұмыстары аясында заманауи технологиялар енгізіліп, тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамту көзделген.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1204118?lang=kk

Жауап қалдыру