
Биыл өңірде оқушылардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуге ерекше көңіл бөлініп отыр: 1-10 сынып аралығындағы оқушылардың 99%-н жазғы демалыспен қамту көзделген. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жазғы маусымда облыс аумағында 7 сауықтыру орталығы, 702 мектеп жанындағы лагерь және 49 қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаңдар жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ маусымдық және жыл бойғы лагерьлерде ауысымдар ұйымдастырылып, балалар республикалық және өңірлік орталықтарға жіберіледі.
“5 маусымдық лагерьде 8 092 бала демалады, «Күншуақ» және «Әсем» лагерлері 2 532 баланы қабылдайды. 227 оқушы «Балдәурен» мен «Бөбек» орталықтарында тынығады, ал мектеп жанындағы лагерьлерде 166 855 оқушы қамтылады. Ірі кәсіпорындардың қолдауымен 3 960 бала лагерьлерге жолдама алады. Әлеуметтік осал топтағы 14 мыңға жуық бала тегін демалыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Жасыл ел», «Мектеп орманшылығы» жобасы, мектеп ауларындағы желектендіру жұмыстары және «Спарта» еңбек жасақтарында 3713 бала жұмыс істейді, туристік сапарларға 35 314 оқушы қатысады, жазғы алаңдарда 25 684 бала демалады” – дейді басқарма басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру мақсатында биылғы жазғы маусымда облыста балалар мен жасөспірімдердің демалысын тиімді ұйымдастыруды көздейтін жаңа форматтағы бірқатар жобалар іске асырылмақ. Олар цифрландыру, экология және еңбек дағдыларын дамыту бағыттарын қамтиды.
“Цифрландыру бағыты бойынша «AI демалыс» жобасы аясында оқушылар жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, бағдарламалау, 3D модельдеу, цифрлық өнімдер жасау және стартап идеялар әзірлеумен айналысады. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберіндегі «ЭКОСАНА» жобасы балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар табиғатты қорғау, қоқысты сұрыптау, ресурстарды үнемдеу бойынша тәжірибелік жұмыстарға қатысып, өз экожобаларын әзірлейді. Жалпы, аталған жобалармен 1000 бала қамтылады” – деп атап өтті Бұлбұл Күзембаева.
Айта кетейік, өткен жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «SKILLS CAMP» жобасы биыл да жалғасады. 18 колледж базасында 3000 оқушы екі апта бойы түрлі техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша алғашқы дағдыларды меңгереді.
Биыл алғаш рет Қобда ауданындағы «Әлия» лагерінде «Шабандоз» жобасы ұйымдастырылып, қатысушыларға жылқы күтімі мен ұлттық ат спорты элементтері үйретіледі.
Сондай-ақ, өңірде “Таза Қазақстан” жалпыұлттық қозғалысы аясында «Мектеп орманшылығы» жобасы да жүзеге асуда. Ол 8 аудан мен Ақтөбе қаласындағы 30 мектепті қамтып, жазда 2000 оқушыны еңбекке баулуды көздейді. Сонымен қатар, мектептерде шағын жылыжайлар ашылып, оқушылар көкөніс өсіру жұмыстарымен айналысуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1204210?lang=kk

Жауап қалдыру