
Астана қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Диас Әбітбек пен Адильбек Разаков қызмет барысында жоғары қырағылық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Олар күнделікті кезекшілік кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, кез келген төтенше жағдайға дайын екендерін дәлелдеп келеді.
Оқиға Біржан сал көшесінде түскі уақытта орын алған. Патрульдеу кезінде инспекторлар көшенің бойында кенеттен жерге құлап қалған әйелді байқайды. Уақыт оздырмай, бірден оқиға орнына жеткен полицейлер жағдайды жедел бағамдады.
Тәртіп сақшылары сабыр сақтап, нақты әрі үйлесімді әрекет етеді. Олар әйелді қауіпсіз қалыпқа келтіріп, тыныс алуын бақылады. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметіне дереу хабар беріп, дәрігерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмекті үздіксіз көрсетеді.
Куәгерлердің айтуынша, полицейлердің шапшаң әрі сауатты әрекеті көпшіліктің абдырап қалмауына себеп болған. Олар оқиға орнындағы жағдайды бақылауда ұстап, артық адамдардың жиналуына жол бермей, тәртіпті қамтамасыз еткен.
Жедел жәрдем келген соң әйел медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
Аталған жағдай полиция қызметкерлерінің тек құқық бұзушылықтың алдын алу емес, сонымен қатар адам өмірін сақтап қалудағы маңызды рөлін айқын көрсетеді. Кәсібилік, жеделдік және адамгершілік – полицияның басты қағидаттарының бірі екені тағы да дәлелденді.
Қала тұрғыны мен оқиға куәгерлері Диас Әбітбек пен Адильбек Разаковқа шынайы алғыстарын білдіріп, олардың батыл әрекеті мен жанашырлығын ерекше атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1204350?lang=kk

Жауап қалдыру