Иммундау апталығы: Астанада қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Еуропалық иммундау апталығы аясында халықты екпе жөнінде хабардар ету және оған сенімді нығайтуға бағытталған кең ауқымды іс-шаралар кешені жоспарланды. Соның бірі №2 қалалық емханада өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін аталған емханада ата-аналарының рұқсатымен 11 жасқа толған қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынды.

«Адам папиллома вирусына қарсы вакциналау көптеген мемлекеттерде бұрыннан жүргізіледі, ал біздің елімізде 2024 жылдан бастап екпе күнтізбесіне енді. Бұл екпе болашақта жатыр мойны обыры ауруынан қорғайды. Негізінен, ата-анасының рұқсатымен екпе 11-15 жас аралығындағы қыз балаларға егіледі. Біздің емхана бойынша елордадағы 8 мектептен 518 қызға вакцинация жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 4 айда 172 қыз бала екпе алды. Поствакциналық кезеңде медицина қызметкерлері екпе алған балалардың жағдайын тексереді. Осыған дейін ешқандай кері әсерлер болған жоқ. Екпе әр қыз баланың жасы 11-ге толғанда салынады, бұл процедура жыл бойы жалғасады», – деді педиатр-дәрігер Анар Жаппарова.

Аталған емхананың балалар гинекологы Наталья Мунько АПВ-ға қарсы вакцинацияның маңыздылығына тоқталды.

«АПВ – бұл адам папиллома вирусы, ол кең таралған және 200-ден астам түрі бар. Олардың шамамен 14 түрі онкогенді болып саналады. Жатыр мойны қатерлі ісігінің дамуында ең маңыздысы – 16 және 18 типтері. Дәл осы түрлер аурудың көп бөлігін тудырады. Сонымен қатар 6 және 11 типтері онкогенді емес, бірақ олар генитальды аймақта сүйелдер мен папилломалар сияқты қатерсіз өсінділердің пайда болуына әкеледі. Жатыр мойны қатерлі ісігі – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Вирус жұқтырғаннан кейін ауру бірден білінбейді және ол ондаған жылдан кейін дамуы мүмкін.

Қазақстанда алғаш он жыл бұрын осындай екпе салынған болатын. Сол кездегі қыздар – қазір дені сау, өмірге ұрпақ әкеліп отырған аналар. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцинация ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген. АҚШ-та жасалған Gardasil вакцинасы қолданылады және ол 6 ай аралықпен 2 дозада салынады. Вакцина жанама әсерлері әдетте жеңіл өтеді: екпе салған жерде аздап қызару немесе ісіну пайда болуы мүмкін. Ауыр асқынулар өте сирек кездеседі. Маңыздысы – вакцина тірі вирус құрамайды, инфекция тудырмайды және қатерлі ісікке әкелмейді. Оның негізгі мақсаты – инфекцияның алдын алу және болашақта жатыр мойны қатерлі ісігінің даму қаупін азайту», – деді маман.

Айта кетейік, иммундау апталығында бұдан басқа қызылша, қызамық, паратитке қарсы екпе жүргізіліп жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1204407?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді