
Қазақстан мен Моңғолия президенттері Ақордада өткен келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Астанаға сапары еліміз үшін ерекше мәнге ие екенін алға тарта келіп, Қазақстан үшін Моңғолия маңызды өңірлік серіктес әрі тату көрші екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Моңғолиямен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталды.
«Екі ел де – табиғи байлығы мол мемлекеттер. Тау-кен саласында, соның ішінде геологиялық барлау және жер қойнауын игеру ісінде Қазақстанның тәжірибесі мол. Қос тарап осы бағытта бірлесе күш жұмылдыруға дайын. Елдеріміз ауыл шаруашылығына, әсіресе, мал шаруашылығына айрықша мән береді. Қазіргі заманда мал өнімдерінің халықаралық стандарттарға сай әрі қауіпсіз болуы аса маңызды. Қазақстанда мал ауруына қарсы тиімді вакцина өндірісі жолға қойылған. Біз еліміздің вакциналарын Моңғолияға жеткізу, болашақта бірлескен өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Моңғолияның жерді ғарыштан бақылайтын жүйе құру бастамасына қолғабыс етуге дайынбыз. Осы салаға қажетті білікті мамандарды да даярлауға болады. Қазақстан цифрлық даму мәселесіне айрықша назар аударады. Бұл – еліміздің болашағын, жаһандық бәсекедегі орнын айқындайтын стратегиялық сала. Бүгін Хурэлсух мырза «Alem.AI» халықаралық орталығына және «Ақылды қаланы» басқару орталығына» барады. Жалпы цифрландыру саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға екі тарап та мүдделі», – деді Мемлекет басшысы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1205663?lang=kk

Жауап қалдыру