
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік инклюзивті саясатты жетілдіру жолдары қаралды. Жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Бүгінде өңірде 29 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар адам тұрады, оның ішінде 3,3 мыңы – балалар.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, облыста 4142 адам көру қабілетіне байланысты, 1085 адам есту қабілетіне байланысты, ал 7126 адам қозғалыс мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты ерекше қолдауды қажет етеді. Жыл сайын қоғамға бейімдеу мақсатында техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер бойынша 14-15 мыңнан астам өтініш орындалады.
2023-2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, өңірде 1348 әлеуметтік нысанды ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімдеу көзделген. Биыл 270 нысан бейімделуі тиіс, қазіргі таңда олардың 42-сі дайын.
«Инватакси» қызметіне келсек, қазіргі уақытта бұл қызметпен 520 адам қамтылған, 36 көлік жұмыс істейді.
Жалпы, Шығыс Қазақстанда еңбекке қабілетті ерекше қажеттілігі бар азаматтар саны 12,5 мыңнан асады.
Оның ішінде 3800 адам тұрақты табыс табуда. Биыл 113 адам жұмысқа орналастырылып, 26 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқуға жіберілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1205671?lang=kk

Жауап қалдыру