
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Ақпараттық білім беру орталығында XIV-XV ғасырларға тиесілі сирек кездесетін кітаптардың көшірмелері, XIХ -XX ғасырдағы кітаптардың түпнұсқалары сақталған. Бұл еңбектер парсы, араб, шағатай және түркі тілдерінде жазылып, өз дәуірінің ғылыми-рухани деңгейін айқындайтын маңызды мұралар болып табылады. 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай орталықта аталған құнды кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.⠀⠀ ⠀
Құнды кітап – жай ғана ескі немесе көлемді басылым емес. Оның өзіндік өлшемдері бар: мазмұны терең, адамзатқа пайдалы әрі ғылыми немесе рухани маңызы жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар, белгілі бір дәуірдің айнасы ретінде тарихи құндылығы, сиректігі және ерекше жағдайда сақталуы маңызды. Ең бастысы – автор еңбегінің уақыт сынынан өтіп, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпауы. Осындай қасиеттер тоғысқанда ғана кітап шынайы «құнды» мәртебесіне ие болады.⠀
Ақпараттық білім беру орталығының жоғары білікті кітапханашысы Қарлығаш Үсенқұлова көрмеде Әбілқасым Фирдаусидің 1364 жылы жазылған «Шахнама» шығармасына ерекше тоқталды. Бұл туынды – парсы әдебиетінің ұлы ескерткіші әрі орта ғасырлардан жеткен көне қолжазбалардың бірі ретінде тарихи маңызға ие.⠀
Көрме барысында докторант, абайтанушы Әзімхан Исабек «Абай» және «Ақын аға» еңбектерінің құндылығына назар аударды. Оның айтуынша, бұл кітаптардың ерекшелігі – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде жарық көріп, бүгінге дейін сақталуында. Мұндай басылымдар тек әдеби мұра ғана емес, ұлттық мәдениеттің баға жетпес қазынасы саналады.⠀
Сонымен қатар, көрмеге 40-қа жуық сирек кітап қойылды. Университет қорындағы мұндай бірегей мұралар студенттер мен оқытушыларға өткенмен байланыс орнатып, тарихи танымды тереңдетуге және ғылыми ізденістер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – тек білім көзі ғана емес, ұлттық құндылықтарды танып, оларды қадірлеуге тәрбиелейтін рухани орта.⠀
Осындай асыл дүниелерді сақтау, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1206503?lang=kk

Жауап қалдыру