
«ARLAN» СК мықтыларды біріктіреді: ШҚО-да полиция қызметкерлері арасында хоккей турнирі бастау алды
Шығыс Қазақстан облысында көктемнің басты оқиғаларының бірі — шайбалы хоккейден республикалық турнир басталуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тәртіп сақшылары ҚР Ішкі істер министрінің Кубогы үшін бақ сынайтын болады.
«ARLAN» клубы ұйымдастырған жарыстың басты мақсаты — қызметтік-қолданбалы спортты дәріптеп қана қоймай, полиция қызметкерлерінің мінезін шыңдау, дене шынықтыру дайындығын жақсарту және оларды ұйымшылдыққа баулу.
Турнирге ресми түрде старт берілді: бүгін мандаттық комиссия өтіп, онда ұйымдастырушылар, төрешілер мен команда өкілдері алдағы ойындардың регламентін талқылады.
Погондағы хоккейшілерге ШҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов ақ тілегін білдірді:
«Бұл жай ғана хоккей матчтары емес. Бұл мінезді, төзімділікті және командалық ұйымшылдықты көрсету мүмкіндігі. Турнир бізге жарқын, әділ әрі тартысты күрес сыйлайтынына сенімдімін».
Үздік атағы мен турнирдің бас жүлдесі үшін еліміздің ең мықты алты ведомстволық командасы таласады.
Салтанатты ашылу рәсімі мен алғашқы матчтар ертең Борис Александров атындағы Спорт сарайының мұз айдынында өтеді.
ШҚО Полиция департаменті өңірдің барлық тұрғындары мен қонақтарын трибунаға келіп, қатысушыларға қолдау көрсетуге және тартысқа толы спорттық күресті, жылдамдық пен нағыз командалық рухты тамашалауға шақырады!
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1205807?lang=kk

Жауап қалдыру