Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен әкімдердің халықпен тұрақты кездесу өткізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Зертас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдау, ұсыныстарды қарастыру, сондай-ақ ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту екенін атап өтті.
Аудан әкімі 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, 2026 жылға арналған жоспарлармен таныстырды. Қазіргі таңда өңірде инвестициялық жобалар іске асырылып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңакүш елді мекеніндегі орталық көше жөнделіп, Зертас ауылындағы 8 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылды. Су мұнарасы жаңартылып, бейнебақылау камералары қойылды. Қоғамдық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында арнайы техника сатып алынды.
Сондай-ақ, Жаңакүш елді мекенінде ұялы байланыс сапасы жақсарды. 2025 жылы «Кселл» АҚ 4G базалық станциясын орнатып, 250-ден астам тұрғын сапалы интернетке қол жеткізді.
2026 жылға жалпы құны 290 млн теңгені құрайтын 4 ірі жоба жоспарланған. Оның ішінде спорт кешенінің құрылысы, бас жоспар әзірлеу, мәдениет үйі ауласын абаттандыру және медициналық пунктті жөндеу жұмыстары бар.
Кездесу барысында тұрғындар жаңа массивтен жер телімдерін бөлу, Зертас–Шымкент бағытында қоғамдық көлік қатынасын ашу, Ленгір–Зертас жолын жөндеу және егістік алқаптарына мал түсуіне байланысты айыппұл шараларын күшейту мәселелерін көтерді.
Аудан әкімі барлық ұсыныстар кезең-кезеңімен қаралып, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Жауап қалдыру