Қазақстан Республикасының «Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейту үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында осы Кодекстің 27-бабы 1-1-тармақпен мынадай мазмұнда толықтырылды:
«1-1. Егер азаматтық-құқықтық шартта осы Кодекстің 27-бабында көзделген еңбек шартының кемінде бір айырым белгісі болса, жеке тұлғамен мұндай шарт жасасуға жол берілмейді.
Осы Кодекстің 27-бабында көзделген еңбек шартының бір және (немесе) бірнеше айырым белгілері бар шарт, тараптар оны қалай атағанына қарамастан, еңбек шарты деп танылады және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес құқықтық салдарларға әкеп соғады».
Жеке тұлғамен еңбек шартын жасасу оған әлеуметтік қорғау алуға мүмкіндік береді, оның ішінде еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақы төлемдерін алуды қамтиды. Атап айтқанда, жұмыс беруші тарапынан жеке зейнетақы шотына аударымдар жүргізу, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы алу, ақылы еңбек демалысын пайдалану, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу және басқа да құқықтар қамтамасыз етіледі.
Осылайша, еңбек қатынастарын тиісінше ресімдей отырып, ресми түрде жұмысқа орналасу жұмыскерге заңнамада көзделген толық әлеуметтік пакетті алудың кепілі болып табылады.
Алайда еңбек шарты жасалмай, жұмысқа жіберілген бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар еңбекақының кепілдендірілген төлемін де, әлеуметтік қорғаудың өзге де шараларын да ала алмайды.
Тәжірибе көрсеткендей, жұмыскерлер өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінген кезде талап қою талаптарының қанағаттандырылмауының негізгі себептерінің бірі — еңбек шартының тиісті түрде ресімделмеуі болып табылады.
Сонымен қатар тәжірибеде, әсіресе құрылыс саласында, жұмыс берушілер жеке тұлғаларды белгілі бір құрылыс жұмыстарын орындауға тарту үшін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету жөніндегі азаматтық-құқықтық шарттарды жасасады. Мұндай тәсіл жұмыс берушіге жұмыскерге әлеуметтік қорғау шараларын көрсетуден жалтаруға мүмкіндік береді, оның ішінде өндірістік жарақат алған кезде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, зейнетақы аударымдарын төлеу және басқа да міндеттемелер.
Осылайша, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 10-бабының 1-тармағына сәйкес еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі.
Еңбек қатынастары, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекске сәйкес жасалған еңбек шарты негізінде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында туындайды (Кодекстің 21-бабы 1-тармағы).
Кодекстің қолданыстағы 27-бабына сәйкес еңбек шартының өзге шарт түрлерінен айырым белгілері ретінде мынадай талаптардың кемінде біреуінің болуы танылады:
- жұмыскердің белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша жұмыс (еңбек функциясын) орындауы;
- міндеттерді жеке өзі орындауы және еңбек тәртібіне бағынуы;
- еңбегі үшін жалақы алуы.
Сондай-ақ еңбек шарты Кодекстің 28-бабында көзделген талаптарды қамтуы тиіс.
Өз кезегінде, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (бұдан әрі – ГПХ) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен (бұдан әрі – АК) реттеледі.
Ақылы қызмет көрсету шарты азаматтық-құқықтық шарттардың бір түріне жатады.
АК-нің 683-бабы 1-тармағына сәйкес, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгілі бір әрекеттерді жасауға немесе белгілі бір қызметті жүзеге асыруға) міндеттенеді, ал тапсырыс беруші бұл қызметтерге ақы төлеуге міндетті.
Сонымен қатар еңбек қатынастарының субъектілері (тараптары) жұмыскер мен жұмыс беруші болып табылатынын (Кодекстің 19-бабы), ал ақылы қызмет көрсету шартының тараптары тапсырыс беруші мен орындаушы екенін ескеру қажет.
Еңбек шартынан айырмашылығы, ақылы қызмет көрсету шартына белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыс істеу шарттары, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер, өтемақы төлеу тәртібі, сақтандыру шарттары енгізілмейді.
Осылайша, егер ақылы қызмет көрсету шарты Кодекстің 27-бабында көрсетілген шарттардың ешқайсысын қамтымаса, тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істей алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-lab/press/news/details/1205482?lang=kk

Жауап қалдыру