
Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қабырғасында студент жастарға жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын түсіндіруге арналған мазмұнды кездесу өтті.
Ашық форматта ұйымдастырылған іс-шара барысында еліміздің құқықтық жүйесіндегі соңғы өзгерістер кеңінен талқыланып, жастар өз пікірлерін ортаға салды.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, Конституцияда бекітілген азаматтық құқықтар мен міндеттерді тереңірек түсіндіру, сондай-ақ қоғамдағы заң үстемдігі қағидатын нығайту болды.
Жиында сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының доцент міндетін атқарушы Қайрат Анарбаев жаңа Конституцияның басты ерекшеліктеріне тоқталды:
— «Қазіргі Конституциялық реформалар елдегі саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған. Атап айтқанда, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, Парламенттің рөлін арттыру, Конституциялық Соттың құрылуы — құқықтық мемлекеттің маңызды қадамдары. Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты тетіктерін қалыптастырады», – деді ол.
Сондай-ақ, спикер Ата заңда адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы айқын көрініс тапқанын атап өтті. Оның айтуынша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Конституциялық деңгейде бекітіліп, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігі күшейе түскен.
Өз кезегінде Педагогика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Эльмира Ахметова Конституцияның әлеуметтік бағыттарына назар аударды:
— «Жаңа өзгерістер әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге басымдық береді. Жер мен табиғи ресурстар халық игілігі үшін қызмет етуі тиіс деген норма күшейтілді. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларындағы мемлекеттің жауапкершілігі нақты айқындалды», – деп атап өтті.
Кездесу барысында студенттер Конституциялық реформаларға қатысты сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен белсенді бөлісті. Еркін форматтағы диалог жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтық ұстанымын нығайтуға мүмкіндік берді.
Жалпы, бұл кездесу — жаңа Қазақстан жағдайында құқықтық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Университет қабырғасындағы мұндай тағылымды шаралар жастардың ел болашағына бейжай қарамайтын, заңды құрметтейтін саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1206501?lang=kk

Жауап қалдыру