Орталық Азия елдері биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Өңірлік декларацияға қол қойды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) шеңберінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) және «Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық стратегиялар мен іс-қимыл жоспарларын жеделдету» серіктестігімен бірлесіп «Орталық Азия елдерінің бастамасы-тұрақты даму жолында табиғатпен үйлесім» тақырыбында жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс ұйымдастырды.

Сессияға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтерінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен даму серіктестері қатысып, биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуге және үйлестірілген іс-қимылдарды жүзеге асыруға арналған өңірлік бастаманың бастауына жол ашты.

Іс-шараның түйінді нәтижесі – Орталық Азия елдерінің биоалуантүрлілікті қорғау және табиғи ресурстарды тиімді, тұрақты пайдалану бағытында өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін көрсететін Өңірлік ынтымақтастық декларациясына қол қойылды.

Құжатқа сәйкес, кешенді бағдарлама мен нақты іс-қимыл жоспары әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін қажетті қаржыны тартудың өңірлік тетіктері қарастырылған. Бұл шаралар Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция, Куньмин- Монреаль жаһандық бағдарламасы және басқа да халықаралық экологиялық келісімдер бойынша міндеттемелерді орындауға бағытталған. Ал декларация мен оны іске асыруға қатысты құжаттар Арменияда өтетін Конвенция тараптарының 17-ші конференциясында таныстырылады.

Өңірлік декларацияны қабылдау Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы ұлттық басымдықтарына сай келеді. 2025 жылы елде 2026- 2035 жылдарға арналған тұжырымдама мен іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл құжаттар табиғатты қорғау мәселелерін елдің стратегиялық дамуымен байланыстырып, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл бастаманың маңызын атап өтті:

«Өңірлік декларацияға қол қою- тұрақты даму мен биоалуантүрлілікті қорғау бағытында өңірлік әріптестікті күшейтетін маңызды қадам. Қазақстан үшін бұл тәжірибелік ынтымақтастық тетіктерін жетілдіріп, көрші елдермен бірге халықаралық деңгейде ортақ өңірлік күн тәртібін ілгерілетуге жол ашады»,- деді.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ Әкімшісінің орынбасары Хаолян Сюй:

«Қазіргі таңда әлем климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы және қоршаған ортаның ластануы сияқты үш ірі жаһандық сын-қатерге тап болып отыр. Бұл жағдайлар әріптестікті күшейтіп, табиғи капиталды тұрақты дамудың негізі ретінде қарастыратын кешенді шешімдерге көшуді талап етеді. Осы ретте Орталық Азия өңірінің жүйелі бастамаларды ілгерілету әлеуеті жоғары. БҰҰДБ елдерге мұндай тәсілдерді дамытуда және экожүйелердің тұрақтылығына бағытталған инвестицияларды арттыруда қолдау көрсетеді»,- деді.

БҰҰ-ның Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясының атқарушы хатшысы Астрид Шомакер өңірлік ынтымақтастықты күшейту Конвенция мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетудің негізгі шарты екенін атап өтті:

«Тұрақты даму үшін елдердің үйлесімді іс-қимылы мен халықаралық әріптестік қажет. Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция мен Куньмин- Монреаль жаһандық бағдарламасы бүгінде өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың негізгі тірегіне айналып отыр. Орталық Азия елдері жаһандық мақсаттарды ұлттық басымдықтарымен ұштастырып, өз міндеттемелеріне берік екенін көрсетуде»,- деді.

Осылайша, Өңірлік декларация жаһандық міндеттемелерді нақты өңірлік іс-қимылдарға айналдыруға негіз болып, елдер арасындағы ынтымақтастық пен күш-жігерді үйлестіруді күшейтеді.

«Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық стратегиялар мен іс-қимыл жоспарларын жеделдету» серіктестігінің жаһандық үйлестірушісі Кэтрин Мадден бұл бастаманың маңызына тоқталды:

«Бұл жоба Орталық Азия үшін өңірлік ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Ол елдердің ұлттық басымдықтары мен халықаралық міндеттемелерін біртұтас іс-қимылдар мен әріптестік тетіктері аясында біріктіруге мүмкіндік береді»,- деді.

Сессия барысында трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, климат, экология және жер ресурстарын басқару салаларының өзара байланысын күшейту, сондай-ақ техникалық және қаржылық қолдауды кеңейту мәселелері талқыланды. Халықаралық серіктестер өңір елдеріне қол жеткізілген келісімдерді іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1206559?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді