Орталық Азия елдері циркулярлық экономика саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тұрақты даму жөніндегі өңірлік күн тәртібі аясында Орталық Азия елдерінде циркулярлық экономиканы дамытуға арналған сайд-ивент өтті.

Іс-шара өңір елдерінің бейінді мемлекеттік органдарының басшыларын, халықаралық ұйымдардың өкілдерін және сарапшылар қауымдастығын қоса алғанда, шамамен 150 қатысушыны біріктірді.

Сессия келісілген тәсілдерді әзірлеу, бірлескен жобаларды ілгерілету және халықаралық серіктестермен, оның ішінде ЮНЕП, Дүниежүзілік банк, ФАО, Еуропалық одақ және БҰҰ ЕЭК-пен ынтымақтастықты нығайту үшін практикалық алаң ретінде қызмет етті.

Қатысушылар Орталық Азия елдерінің ортақ сын-қатерлерге тап болып отырғанын атап өтті: экономикалық өсім қалдықтар көлемінің артуымен қатар жүруде, табиғи ресурстарға түсетін жүктеме күшейіп келеді, ал қалдықтарды басқару инфрақұрылымы жеткілікті қарқынмен дамымай отыр. Осы жағдайларда циркулярлық экономикаға көшу экономикалық дамуды қолдауға, экологиялық тәуекелдерді төмендетуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін практикалық қажеттілік ретінде қарастырылады.

Циркулярлық экономика тек қалдықтарды басқарумен шектелмейтіні, ол ресурстарды ұтымды пайдалану, инновацияларды дамыту, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және «жасыл» жұмыс орындарын құруды қамтитыны атап өтілді.

Өңір үшін негізгі сын-қатерлердің бірі – тәсілдердің жеткіліксіз келісілгендігі. Реттеудегі айырмашылықтар, үйлестірудің шектеулілігі және инвестициялардың жетіспеушілігі табысты тәжірибелерді кеңінен енгізуді тежейді.

Осыған байланысты Қазақстан Орталық Азия елдері үшін циркулярлық экономика бойынша серіктестіктің негіздемелік бағдарламасын әзірлеу бастамасын ұсынды. Құжат өңірлік өзара іс-қимыл тетігін құруды, басымдықтарды келісуді, инвестициялар тартуға қолайлы жағдай қалыптастыруды, сондай-ақ технологиялармен, деректермен және үздік тәжірибелермен алмасуды кеңейтуді көздейді.

Сондай-ақ мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және жеке сектор арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін алаң ретінде Циркулярлық экономика бойынша өңірлік альянс құру ұсынылды.

Іс-шараға дайындық барысында аталған негіздемелік бағдарлама әзірленіп, қатысушыларға ұсынылды. Елдердің оны іске асыруға дайын екендігін білдіруі өңірлік ынтымақтастықты жүйелі түрде бастауға негіз болады деп күтілуде.

Сессия барысында Қазақстанның циркулярлық экономиканы дамытудағы практикалық тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Бүгінде елде осы бағытты ілгерілету үшін базалық институционалдық және экономикалық негіз қалыптастырылған. Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі тетігі енгізіліп, екінші шикізат нарығын қалыптастыруға және қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға ықпал етуде.

Экономикалық ынталандыру шаралары мен цифрлық құралдар дамытылуда. Атап айтқанда, «ЭкоҚолдау» цифрлық платформасы арқылы қайта өңдеушілер пластик, шыны және электрондық қалдықтарды қоса алғанда, басым бағыттар бойынша қолдау алуда. 2024 жылдан бері шамамен 100 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге 4,2 млн АҚШ доллары көлемінде қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар бизнес үшін ынталандыру тетіктері енгізілген: өнімнің кемінде 30%-ын қайта өңдеген жағдайда өндірушілер утилизациялық алым төлеуден босатылады. Бұл тәсіл қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсетуде.

Маңызды құралдардың бірі – утилизациялық алым есебінен жылдық 3% мөлшерлемемен 15 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген қаржыландыру. Қазіргі уақытта жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 60-тан астам жоба портфелі қалыптастырылған, олардың бір бөлігі іске асырылуда.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі шамамен 30%-ға жетті, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды кәдеге жарату үшін заманауи waste-to-energy нысандарын салу жобалары пысықталуда. Ықтимал инвестициялар көлемі шамамен 620 млн АҚШ долларын құрайды.

Қатысушылар алдағы кезеңде негізгі назар инвестициялар тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және деректерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растады және Циркулярлық экономика бойынша өңірлік альянстың қабылдаушы тарапы болуға дайын екенін білдірді.

Сессия қорытындылары Орталық Азияда келісілген өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға және талқылаудан нақты бірлескен іс-қимылдарға көшуге маңызды қадам болады деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1206314?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді